Руханият

Қайраткер рухына тағзым

Кеншілер астанасы Қарағанды шаһарында қоғам қайраткері Жақып Ақбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою салтанатты рәсімі өтті. Аталған шара Алашорда үкіметінің мүшесі құрметіне «Судья және сот қызметкерлері күніне» орай ұйымдастырылған.

 

Аталған жиынға Қарағанды қалалық мәслихатының төрағасы Алтынтөре Бөкенов, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Е.Мұхамедин, қалалық және аудандық соттардың төрағалары, жаңадан тағайындалған судьялар, бөлім басшылары және сот әкімшілігінің мамандары қатысты.

Қалалық мәслихат төрағасы Алтынтөре Жангелдіұлы, Судьялар одағының Қарағанды облыстық филиалы төрағасы Елік Серғалиұлы және Қарағанды қаласы тергеу сотының төрағасы Шамшильдин Жолкенов құттықтау сөз сөйлеп, сот жүйесінің барлық қызметкеріне табыс пен амандық тіледі. Жақып Ақбаевтың өмірбаянына тоқталып, оның есімі халық жадында мәңгі қалатынын атап өтті.

Ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін жиналғандар бір минут үнсіздікпен қайраткер рухына құрмет көрсетті.

Алаш зиялысы, қажырлы күрескер, қайраткер, «Алашорда» үкіметінің мүшесі, заңгер, құқықтану магистрі Жақып Ақбаев қысқа ғұмырында патриотизмнің асқан үлгісін көрсетіп, еліне адал қызмет еткен бірегей тұлға.

Ж.Ақбаев университетте оқып жүргенде-ақ ілім-білімнің сан алуан саласын меңгеруге талаптанған. Мемлекеттік сынақ комиссиясында «Қазақтардың некелік құқығы» атты тақырыпты қорғау үшін бекітіп алады. Кейін осы тақырыпты қамауда отырғанда терең зерттеп, зерделеп, 1907 жылы Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің жазбаларында жариялағаны нағыз еңбекқорлығын, азаматтығын айғақтайды.

Оның халық мүддесін студент болып жүрген кезінде-ақ қорғай бастағаны жиынға қатысқан жастардың қызығушылығын оятты.

Ол Алаш қайраткерлерімен пікірлесе жүріп, қазақтың әдет-ғұрпы, отбасы-неке құқығы туралы зерттеулер жүргізген. Түрлі баспасөз беттерінде публицистикалық өткір мақалалар жариялады. 1909 жылы Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жинақ етіп басып шығаруға қолғабыс жасап, азаматтық танытты. 1907 жылы «Қазақстандағы семья-неке қатынастары», 1927 жылы «Қазақтың шығу тегі туралы» еңбектерін жазып, жарыққа шығарды.

Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақ бойына батыр бабалардың асқақ рухын сіңіруде аз да болса септігін тигізері хақ.

Жәлел ШАЛҚАР,
ҚАРАҒАНДЫ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button