Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі «Байсат» базары мемлекетке қайтарылды
Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі «Байсат» базары мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Ortalyq.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы прокуратурасының хабарлауынша, 2024 жылдың 17 қаңтарында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының «Алматы жылу» холдинг кешенінің (қазіргі «Байсат» базары) мүлкімен жасалған барлық мәмілені жарамсыз деп тану туралы шешімі заңды күшіне енді.
Сотта кешеннің заңсыз сатылғаны расталған. Сатылған кезде қызмет бейінін сақтау және иеліктен шығаруға тыйым салу туралы шарт талаптары сақталмаған. Міндетті сату шартынсыз 4 жыл бұрынғы мүлікті бағалау туралы өзексіз есеп көрсетілген.
Жалпы ауданы 4 221,4 м2 3 объектіден және 1,4 га-ды құрайтын мүлік Бауыржан Нұрсұлтанға (Қайрат Сатыбалды ұлы) тиесілі “ҚазГерСтрой бірлескен кәсіпорны” ЖШС және Astana Finansial Group ЖШС өзара үлестес компанияларының иелігінде болған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін сотқа дейінгі тергеу аясында Қайрат Сатыбалды «Байсат» базарының басым бөлігін өз еркімен қайтарды.
Материалды әзірлеген Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.