Ресми

Қайрат НҮРКЕНОВ: Заң талаптары қатаң сақталуы шарт

Қарағанды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нүркенов 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты өңірде жүріп жатқан дайындық жұмыстары туралы ой бөлісті.

– Қайрат Қаршығаұлы, Қарағанды облысы үшін тіркеуден өту кезеңі қалай аяқталды?

– Елімізде депутаттықтан үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын жаппай жүргізуде. Өңірімізден 793 кандидат өтініш берсе, олардың 665-і тіркеуден өтті. Бір мандаттық округтер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындылары бойынша өтініш берушілердің саны айтарлықтай қысқарған. Алғашында барлық деңгейдегі депутаттық мандатқа 800-ге жуық адам өтініш білдірсе, оның 15%-ы тізімнен шығарылды. Бірінің құжаттары толық болмаса, енді біреулерінің деректері талапқа сай болмаған.

– Парламент Мәжілісіне ұсынылған үміткерлерге тоқталсақ…

– Мәжіліске ұсынылған 31 өтініштің 21-і тіркеуден толық өткен. Сол 21 үміткердің 17-сі ер адам, төртеуі – нәзік жандылар. Ең жасы – 1993 жылы туған. Ересегі – 1956 жылғы. Бір округте үш адамнан келіп тұр. Бәсекесі жоғары округке келер болсақ, №11 округте 7 адам түскен. Мәжіліске бір мандаттық округтен сайлау бойынша Қарағанды облысы екі округке бөлінген. №18 сайлау округінің шекарасы – Қарағанды қаласы мен Бұқар жырау ауданы. 12 үміткер құжат тапсырды. Ал, қалған бес қала мен алты ауданды қамтыған №19 округтен тоғыз үміткер тіркелген.

– Облыстық пен қалалық, аудандық мәслихаттарға қанша кандидат өтінім тапсырды?

– Облыстық мәслихатқа – 59, қалалық мәслихат депутаттығына 336 кандидат бақ сынайды. Аудандық деңгейдегі мәслихаттарға 249 үміткер ресми түрде өткен.

– Үгіт-насихат жұмыстарына бөлінер қаржы турасында айта кетсеңіз…

– Республикалық бюджеттен әрбір кандидатқа тиісті қаражат бөлгені турасында хабардарсыздар. Мәселен, Мәжіліс үміткеріне – 950 мың, облыстық мәслихат үміткеріне – 550 мың, ал, қалалық және аудандық деңгейдегі мәслихаттар кандидаттарына 350 мың теңге көлемінде бекітілді. Бұл қаржы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа бағдарламаларын таныстыру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге жұмсалмақ.

– Сайлау барысында ерекше ескеретін жайттар бар ма?

– Үгіт-насихат науқанының мерзімі басталды. Әрбір кандидат ел назарына сайлауалды бағдарламасын таныстырып, кеңінен мүмкіндік алды. Телеарна, газет сынды ақпарат айдынындағы тетіктер арқылы бұқараға ұстанған бағыт-бағдарын толығымен жариялауға болады. Иә, ескере кететін бірқатар мәселелер бар. Ол – үгіт-насихат рәсімін заң шеңберінде қатаң сақтау. Көріп отырсыз, талап – қатал. Қандай да бір заң бұзушылық анықталған болса, тәртіп бұзған кандидатты тіркеуден алып тастауға мәжбүр боламыз. Қазіргі уақытта насихат жұмыстары жалғасын табуда. Атаулы жұмыстарға қаражат көзі қажет болған жағдайда үміткердің немесе партия қорынан қосымша қаражат қарастыру мүмкіндігі бар. Есесіне, шетелдік ұйымдардан қолдау алуға қатаң тыйым салынады. Мәжіліс сайлауында үгіт-насихат жұмыстарын әлеуметтік желіде заң талаптарын сақтамай жүргізген азаматтарға әкімшілік жаза қолданылады.

– Әлеуметтік желі қолданушылары неден сақ болғаны абзал?

– Кез келген желі қолданушысы кандай да бір үміткер туралы пост жазса, үміткер сайлаудан шеттетілмейді, посттың авторына әкімшілік жаза қолданылады. Бұл – Орталық сайлау комиссиясының жеткізген мәлімдемесі. Автор тек өзінің пікірін жаза алады. Егер, материал өз пікірі есебінде жазылса, ол кезде жауапкершілік қарастырылмайды. Ал, егер кандидаттың тапсыруымен берілген материал болса, ол кезде жаза қолданылады. Мысалы, бейнероликтер немесе үгіт жүргізетін материалдарға қаржы бөлінсе, ол жағдайда да жаза қарастырылады. Кандидатпен ресми келісімшарт бойынша жұмыс істегісі келген адам өз ұсынысын сайлау комиссиясына жіберуі тиіс.

– Сайлау учаскелерінің дайындығы қандай?

– Бүгінде барлық сайлау учаскелерінің даярлық барысы талапқа сай жүргізілуде. Бұл бағытта әлдебір сын-ескертпе қабылданбады. Сайлау үдерісіне қатысты барлық мәселелер күнделікті біздің бақылауымызда болады.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz  

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button