Қайран шеше (Поэма)
Нүркен Әбдіревке ескерткіш
Жалғыз қара…
келеді әлі жүгіріп,
Тайғақ жолда тәлтіректеп,
сүрініп,
Желге қарсы келеді ұшып сәріден,
Жер бетіне әзер-әзер ілініп.
Жалғыз қара…
айналаның бәрі аппақ.
Жаяу боран аспан астын адақтап,
Қара шапан…
қара шәлі… жанына
Ұйтқып келіп,
жүйткиді ағып жалақтап,
Омырауына мұз-қыраулар дізіліп,
Ақ таяғы аласарып, мүжіліп…
Қайтар емес ол да қазір бетінен
Осы жолда кетпесе егер үзіліп.
Қорқар емес қарсы соққан бораннан,
Шыр айналып етегіне оралған.
Белді буып,
бұл сапарға шыққалы
Үрейін де,
дүлейің де жоғалған.
Тынар емес –
көңілінде дақ қалмай,
Жалғызына жан-жүрегін ақтармай…
Қайдан білсін өнбегенін жолдың да,
Өзі, әйтеуір, ұшып келе жатқандай…
Алып-ұшып неге асықтың,
жан-ана,
Асықпай-ақ жетесің ғой балаңа.
Неге жалғыз жолға шықтың –
мынадай
Ішін тартып,
ызғып тұрған далада.
Неге асықтың жаяу —
шаршап-шалдығып,
Өкпең өшіп,
өзегіңді талдырып.
Қашан келіп тілдессең де,
жалғызың
Сені күтіп…
тұрады ғой мәңгілік!..
***
Көрдің бе, әне,
Нұркенің тұр бөктерде,
Үнсіз қарап арлы-берлі өткенге.
Сол баяғы көз қарасы,
сол түрі,
Дәл осындай жас еді ғой кеткенде.
Дәл осындай отты еді ғой жанары,
Сәл-сәл ғана түйіліпті қабағы.
Жаңа ғана оралды ғой майданнан,
арқамаған ашу-ыза бар әлі.
Көріп тұр ол —
кең жазира даласын,
Құшырлана жұтып мөлдір ауасын…
Осы арадан аттанып еді ұрысқа,
Осы арадан күтіп алмақ Анасын.
Самайынан аппақ-аппақ тал көріп,
Тұрсың ба, ана,
соған іштей таң болып-
Нүркеніңнің шашы емес ол -ағарған,
Қалған ғой тек қырау басып,
қар қонып…
***
Ана:
– Құлыным-ау,
жер бетінде бармысың,
Сені іздеумен таусылды ғой әл-күшім.
Тұршы осылай…
көз алдымда осылай,
Ұмыттыршы ақ мамаңның қайғысын.
Таныдың ба,
қарғашым-ау, менмін ғой,
Тағы, міне…
өзіңді іздеп келдім ғой.
Жұп-жұқа ғой үстіңдегі киімің,
Үйге жүрші,
үйге жүрші –
тоңдың ғой!..
Нүркен:
- Апатайым,
тағы да өзің келдің бе,
Жол шегумен шаршадың ғой сен мүлде.
Мені неге көп ойлайсың осы сен,
Аман-есен тұрмын,
міне,- көрдің бе?
Түніменен сан қиялға батасың,
Бір мені ойлап, көзіңді ілмей жатасың
Қайғырмашы,
қанша боран соқса да,
Мен ешқашан тоңбаймын ғой,
апашым!..
Ана:
- Баяғыда…
түйемен-ақ жететін,
Базаршылар күнде келіп-кететін –
Мына тұрған Орынборда болдың ғой,
Мамашыңа соға кетсең –
не ететін?!
«Аңсап жүрмін өзіңді де…
даламды,
Нұра жақтан аңқып соғар самалды,
Жақында өзім барып қайтам»,-
деп ең ғой,
Ақ ботам-ау,
неге алдадың мамаңды?!
Нүркен:
- Елді аңсаған ұзақ күндер…
өтті ғой,
Мамашымды көретін күн жетті ғой.
Бүгін-ертең аттанам деп тұрғанда,
Мына соғыс…
бәрін ойран етті ғой.
Кездесе алмай,
көңілің босап-елжіреп,
Қаларыңды сезіп-ақ ем сен жүдеп.
Кешір, ана,
өмір бойы өзіңді
Алдадым ғой бір-ақ рет…
соңғы рет…
Ана:
-Ұшқыш болам деуші едің ғой…
ұштың ба?
Сен де қазір самғап жүрген құссың ба?
Жазым болып кетпеші тек, әйтеуір,
Тиіп кетіп…
найзағай ма, ұшқын ба?
Нүркен:
-Ұштым апа,
аспан деген керемет,
Барлығы бар…
тек жаныңа не керек.
Сонау алыс жұлдыздардың қасына
Сені де бір апаруым керек ет…
Ана:
-Қойшы жаным,
жердің өзі жетпей ме,
Не жетеді мынау жасыл беткейге.
Абайсызда кетсе есігі ашылып,
Апатайың арманда боп кетпей ме?!
Нүркен:
-Онда сені –
өзім қағып алам да,
Жаймен әкеп қондырам ғой алаңға…
Осындайда Гүлжан жеңгем болса ғой,
Айтпақшы, оның халі қалай, аман ба?!
Айтушы еді-ау әңгімені жандырып,
Көршілерді жинап алып таң қылып,
«Біздің Нүркеш аспандағы құдайды
Күнде көріп жүреді»,— деп
нандырып…
Ана:
-Әлі сол ғой,
жүреді елді күлдіріп.
Көрген емес қабағына мұн кіріп.
Біздің үйдің отын-суын өзі әкеп,
Қояды ылғи бәрін өзі тындырып.
Соғыс дейді…
соғысты да көрдің бе?
Қанатым-ау сәбисің ғой сен мүлде.
Айтшы маған —
кәдімгі анау аспанмен
Осы жерге өзің ұшып келдің бе?!
Нүркен:
-Жау үстінен талай рет ұштым ғой,
-Жер бұқтырып,
өкпесінен қыстым ғой.
Қап-қараңғы түн ішінде,
жай болып
Пәтшағардың төбесінен түстім ғой!
Талай рет сүңгідім ғой жалынға,
Жалғыз емес,
достарым бар жанымда.
Жүрміз қазір көк аспанды күзетіп,
Дон бойында,
Ростовтың маңында.
Ана:
-Аспан дейсің…
аспанды көз шалмай ма?
Ұшқан кезде бәрі кәріп қалмай ма?
Жазатаным зақымданса бір жерің,
Онда саған жәрдем берер
жан қайда?
Ең болмаса тығылатын жер де жоқ,
Жердегідей қорғап қалар ел де жоқ.
Торғай емес,
адамсың ғой, қарғам-ау,
Мерт қылмай ма, жалғыз қаңғып
келген оқ?!
Нүркен:
-Апатайым,
оққа ұшпаймын, қорықпа,
Оқ деген де қауіп-қатер болып па.
Он жеті күн өтті, міне, келгелі,
Он жеті рет шықты балаң жорыққа.
Жан-жағымнан найзағайлар шатьірлап,
Жау үстіне төніп келем жақындап,
Осы кезде…
көзім түсті кенеттен…
Оң қанатым жанып жатыр лапылдап.
Ана:
– Сұңқарым-ау,
өзің аман қалдың ба,
Самолетпен сен де бірге жандың ба?
Алдыңда ғой жаудың барын білесің,
Артыңдағы мамаңды еске алдың ба?
Аман қалсаң болды ғой тек бағыма,
Қалғандары – садаға ғой жаныңа.
Жерлестерің
өз атыңды жаздырып,
Бір самолет жасап берді тағы да.
Нүркен:
– Сенің даусың естілгендей құлаққа
Болды бір кез…
сол берді ме қуат та…
Самолетім жанып келе жатты ғой,
Өзім аман қалатын ем…
Бірақ та…
Ашу кернеп,
айрылдым ба төзімнен,
Қызыл жалын шашырады кезімнен,
Құмырсқадай құжынаған жендеттер
Күл боп бірге,
ұшсын дедім өзіммен!..
Ана:
-Сонда қалай?
Бәрі күл беті кете ме?
Анаң сосын күл іздеумен ете ме?..
Дүниенің бар қызығы, жаным-ау,
Менің құйттай жалғызыма жете ме?
Ойладың ба…
ізің қалмай кетерін,
Қалған күнім құсалықпен етерін,
Ойладың ба…
Мен байғұстың өмірде
Сенен басқа сүйеуі жоқ екенін?!
Нүркен:
-Көз алдымда қолың бұлғап сен
тұрдың
Арасында аласапыран толқынның,
Сені ажалдан құтқарайын дедім де,
Ортасына қойып кеттім өртіңнің
Орман шулап,
тұңғиыққа батты бел,
Омырауын топырақпен жапты көл.
Мына апаттан құтқаршы деп,
сен болып
Маған қарай зымырап келе жатты
жер!..
Ана:
-Бәлкім, өзің тірі қалған шығарсың,
-Менен алыс…
басқа жақта тұрарсың.
Әлде тіпті қонбай ұшып жүрсің бе,
Мендей емес, қанаты бар қырансың.
Алыпты енді сені бүкіл ел біліп,
Күнде мені кетеді олар сендіріп…
Нүркеніңнің самолеті аспанда,
Апатай-ау, әлі ұшып жүр…-
дейді жұрт.
Нүркен:
-Мен де көрдім ұшып келе жатқанын,
-Қыранымның қалай қанат қаққанын.
-Көріп тұрдым – анталаған жан-жақтан
-Қара құсты қара жалын жапқанын.
-Тұрғаным жоқ –
туған жердің көгімен
Мен де бірге ұшып жүрдім онымен…
Бір айналып соқпағаным болмаса,
Аспаннан да көріп жүрдім сені – Мен.
Ана:
-Бір-ақ жұлдыз әйнегімнің тұсында
Қыбыр етпей жазында да,
қысында,
Жалтақ-жалтақ маған қарап, түнімен
Тұрады ылғи,
бұлдырап көз ұшында.
Жатам мен де соған қарап үңіліп,
Кірші деймін құшағыма…
жылынып.
Өз қасымнан орын сайлап жүремін
Қазір өзің келетіндей жүгіріп.
Нүркен:
– Иә, апатай,
жұлдыздармен біргемін.
Сен білмейсің ұлың қайда жүргенін…
Мен тірімін,
тірі болсаң, сен егер,
Бірге өзіңмен өтіп жатыр күндерім.
Мен аманмын,
болсаң егер сен аман,
Бірге жүрем,
бірге жатып,
демалам.
Мен ешқашан сенен алыс кетпеймін,
Әйтеуір бір құшағыңа оралам!..
Аспанда да сенсіз күнім өтпейді,
Сені ойласам,
оқ та маған жетпейді!..
Апатайым,
сен пісірген күлшенің
Әлі күнге дәмі аузымнан кетпейді.
Шарласам да аспанның қай бұрышын
Естіледі маған әрбір тынысың.
Көкте жүріп,
жеп отырған нанымнан
Сезем сенің саусағыңның иісін.
Ана:
-Күннен-күнге барамын ғой
қартайып,
Буын босап,
қол дірілдеп,
әл тайып.
Ақырғы рет қоштаса алмай өзіңмен
Бір жерлерде қаламын ба жантайып.
Сай-сай болды сызықтары маңдайдың,
Кейде өзімді –
өзім көтере алмаймын.
Қаншаға да келгенімді білмеймін.
Сан көбейтіп,
босқа жүрген жандаймын…
Нүркен:
-Әл жоқ адам сонау жерден келе ме,
-Сендей ана қарттығыңа көне ме?..
-Әттең, қолым қозғалмайды,
мен сені
Тұрар едім тік көтеріп төбеме.
Дауылдан да,
жауыннан да қалқалап,
Көрсетер ем талай қызық,
салтанат.
Аяғым да қозғалмайды, қайтейін,
Өтер едім өмір бойы арқалап!
Ана:
-Тірі болсаң, сөйтеріңді білем ғой!
-Соны біліп,
қуанам да, күлем ғой.
Жүре бергім келеді әлі жер басып,
Ең болмаса,
сені көріп жүрем ғой.
Қайда барсам,
сен алдымнан шығасың,
Қарсы алдымда гүлге оранып тұрасың.
Ақ мамаңның келгенін де білесің,
Айтқанымның бәрін іштей ұғасың.
Көрдім сені – Алматының бағында
Тіпті сонау Сталинград жанында.
Көрдім сені Қарағанды басынан.
Көрдім сені Қарқаралы тауында!..
Нүркен:
-Апатайым,
келгеніңді білгенмін,
Сезгем иісін сен әкелген гүлдердің.
Құшақ жайып,
Нүркенімнің өзі деп,
Талай-талай қара тасты сүйді ернің…
Ана:
-Барып қайттым сенің жатқан
жеріңе,
Өзің айтқан Дон бойының еліне.
Нүркен батыр — анасы деп,
неше күн,
Төбесіне көтерді олар мені де.
Сені жыр ғып айтады олар бүгін де,
Ұмытпайды айы менен күнін де…
Бір күн, бір түн өз үйімдей жайласып,
Қонақ болдым Шолоховтың үйінде.
Өзі де оның ұйқтамады бұл күні,
Құлағымда майда қоңыр тұрды үні…
-Сіз боласыз!- деді маған,-
– Анасы,
Осы Жердің ең құрметті тұрғыны!
Таусылды ғой сарқылып көз жасым
да…
Жылап алдым қабіріңнің басында.
Мауқын бассын деген шығар,
үндемей,
Ұзақ тұрды бәрі менің қасымда.
Аралатты орман-тоғай,
қыратты,
Шалғындағы шаң түспеген бұлақты.
Емін-еркін торғайлар жүр шырылдап,
Қазір – мұнда…
түк болмаған сияқты.
Нүркен:
-Мен де жүргем Донның бойын
жағалап,
Суын ішіп, ормандарын паналап…
Қанша жердің топырағын бастым мен,
Соның бәрін шығыпсың ғой аралап!
Ана:
-Тұрған шақта шыбын жаным
кеудеде,
Қол қусырып,
отырамын мен неге?
Анау жылы әдейі іздеп бардым
мен Орынборға —
өзің жатқан бөлмеңе.
Еске түсіп сәби күнгі қылығың,
Қалды ма деп жұпар иіс, жылуың,
Жастығыңды баурыма алып,
құшақтап,
Төсегіңде түнеп шықтым, құлыным.
Дәл сол күні түсіме сен енгенің,
Шақырып ем…
неге сонда келмедің?
Неге маған үндемейсің,
жаным-ау.
Не айтқанымды естимісің сен менің?!
Нүркен:
– Естіп тұрмын айтқаныңның
барлығын,
Жан-шеріңді тарқаттың-ау дәл бүгін…
Демалсаңшы…
тағы шаршап қаларсың,
Онша емес қой өзіңнің де саулығың.
Ана:
-Бір сен үшін өмірімді қидым ғой,
-Сен айтқасын —
жасымды да тыйдым ғой.
Айдалада жалғыз өзің тұрғасын
Жалғызсырап қала ма деп жүрмін ғой…
Нүркен:
-Жан-жағымда талай адам тұр менің,
Осы арадан естіп тұрмын үндерін…
Апатайым,
батады ылғи жаныма –
Қартайғанда, сенің жалғыз жүргенің.
Ана:
-Көргенім жоқ, жалғызсырап,
жабығып,
Ел дегенің жатады ылғи ағылып.
Сен жанында сұрайды үлкен-кіші де
Ортаға алып,
отыра қап, жалынып.
Сен істеген шахта –
сенің атыңда,
Қаладағы бақ та —
сенің атыңда.
Өзің туған ауыл —
сенің атыңда,
Туған жердің тауы —
сенің атыңда.
Күндіз-түні келеді ағып солардан,
Үйің қазір көктемдегі көк орман…
Іші толы шуылдаған сәбилер :
Жаңа ғана мектебінен оралған.
Мен солардан көрем сенің өзіңді,
Балбыраған балауса жас кезіңді.
Келген сайын –
жұбанамын ішімнен,
Күнде көріп жүрмін ғой деп қозымды…
Мен бүгінде жалғыз емес, көппін ғой,
Сөйлей-сөйлей шежіре боп кеттім ғой…
Қалған күнім қасыңда өтсін,
қарғашым,
Тірлігінде түк көрсеткен жоқпын ғой.
Нүркен:
– Апатай-ау,
мен бәрін де көрдім ғой,
Ақ сүтіңді, ақ мамаңды емдім ғой…
Әлі күнге мені сәби көресін,
Мен де бүгін
жиырма екіге келдім ғой.
Өзің ертіп апардың ғой бауларға,
Шығардың ғой биік-биік тауларға.
Есіңде ме –
жүгірдік қой екеуміз
Жазғытұрым ақ жаңбырлар жауғанда.
арсы алдық қой бірге талай таң нұрын,
Кешіп жүріп көл бойының шалғынын.
Ер жеткенше.
өз қолыңмен жетелеп,
Көрсеттің ғой туған жердің бар қырын.
Көп ұзамай…
жасаушы едің тойды да,
Елді жинап Қарқаралы қойнына.
Кәрілікті ойламас ең мүлде сен
Бір қошақан жүрсе асылып мойныңа…
Ана:
-Жарығым-ау,
сол еді ғой тілегім,
Оны ойласам, езіледі жүрегім…
Ең болмаса,
көріп қана жүретін
– Енші салып бермедің ғой біреуін.
Құрыстырып кейде кәрі денені,
Қыңқыл-сыңқыл мазалай да береді.
Сені көріп жүру үшін, өзімнің
Не болса да, жасай бергім келеді.
Бар болғаны –
ақ басымды иіп кеп,
Кете барам саусағыңнан сүйіп тек.
Күннен-күнге аласарып барамын,
Күннен-күнге сен барасың биіктеп!..
Нүркен:
-Мен емес тек,
айтады анау дала да,
Айналаңда тұнып тұрған ауа да,
Сен ешқашан аласарған емессің,
Сенен ұлы құдірет жоқ, жан ана.
Жаз да келер,
жер де қайта нұрланар,
Әлі талай кездесетін күн болар.
Осы арада күтіп тұрам өзіңді,
Апатайым,
шаршадың ғой, үйге бар!..
***
Келеді ана…
келеді әлі жүгіріп,
Тайғақ жолда тәлтіректеп,
сүрініп,
Желге қарсы келеді ұшып сәріден
Жер бетіне әзер-әзер ілініп.
Омырауына мұз-қыраулар дізіліп,
Ақ таяғы аласарып,
мүжіліп…
Қайтар емес келе жатқан бетінен
Осы жолда кетпесе егер үзіліп…
Алып-ұшып неге асықтың, жан ана,
Асықпай-ақ жетесің ғой балаңа.
Неге жалғыз жолға шықтың –
мынадай,
Ішін тартып,
ызғып тұрған далада.
Неге асықтың –
жаяу, шаршап-шалдығып.
Өкпең өшіп,
өзегіңді талдырып.
Қашан келіп тілдессең де,
Нүркенің
Сені күтіп…
тұрады ғой мәңгілік!..
***
Қайран шеше!
Ұлын іздеп тынбайды,
Әлі күнге өлді деуге қимайды.
Тағы да бір қалғысы кеп жүздесіп,
Таңнан тұрып,
желмен бірге зулайды…
Қыс та кетті…
Келді көктем далаға,
Қаздар ұшып бара жатыр ауада.
Қарап қойып аспанға бір, жерге бір
Жалғызына келе жатыр кәрі ана!..
Сағи Жиенбаев.