АбайАймақ

Қайран, Қаражартастың Қасымханы!

Қасымхан Асанов – қазақтың белгілі сазгері, актер, ақын, әнші, домбырашы, сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі. Мен оның есімін бұрын естімегенмін. Өткен ғасырдың 60, 70-жылдары ауылымыздың жастары жиын-тойларда, концерттерде жабыла сүйсініп шырқап жүретін «Қарамашы, қадамашы көзіңді», «Қаракөз», «Ойна, бала» әндерінің авторы екенін де білмеппін…

Тек 1975 жылы өзімнің туған жерім Бұқар жырау ауданының Үміткер орта мектебінің 9 сыныбында оқып жүрген кезімде ғана ол туралы алғаш рет естідім. Шымқай қазақ ауылы болса да, мектебіміз орысша-қазақша білім ошағы болатын. Сол жылы 7 орыс сыныбына Қарағандыдан Ерлан Асанов деген бала келді. Жасы біз құралыптас. Ол жездесі Қабдығани Қартабаев пен немере апасы Бақытжамалдың үйінде жатып оқыды. Кейіннен білсек, Бақытжамалдың әкесі Хасен сол Асанның туған інісі де, осы Асаннан туған Қасымхан Ерланның әкесі екен. Түрі кәріске ұқсаған оның шешесі шынымен, сол ұлттың қызы көрінеді.

Біз ойлағандай емес, Ерланымыз жүзіктің көзінен өтетіндей өте пысық болып шықты. Ертелі-кеш қолынан гитарасын тастамай, әндетіп жүргені. Өзінше бой жетіп қалған қыздарымыз да жанынан үйіріліп шықпайды. Біз де түбіт мұртымыз тебіндеп, бозбала болып, бұлғақтап жүрген шағымыз. Әрине, бұл көрініс намысымызға тимей қоя ма?! Жиналып, оны сан рет төмпештеп те алдық. Сонда да беті бір қайтпайтын өжет еді-ау марқұм. «Ер шекіспей, бекіспейді» демекші, кейін татуласып, араласып-құраласып, жақсы дос болып кеттік. Қашан ол ауыр дерттен мезгілсіз қайтыс болғанша қарым-қатынасымыз бір үзілмеді. Оған Ерланның кісіге жұғымды, көпшіл мінезі де әсер еткені анық. Оның арқасында біз – ашқұрсақ студенттер ол тұратын Қарағандының 45-орамындағы Можайск көшесінің 5-үйіндегі 53-пәтерден шықпайтынбыз.

Ерланның әкесі Қасымхан мен анасы Әсия (Анастасия Семеновна) марқұмдар қашан келсек те, қабақ шытпай қарсы алып, барын аузымызға тосатын. Бізден бөлек, өздерінің Өспен, Еркіндік ауылдарынан келетін алыс-жақын адамдарының аяғы бір сиремейтін. Сондайда бәрін күтіп алып, шығарып салып жататын Әсия шешеміздің қонақжайлылығы ерекше еді. Заты кәріс дегенмен, нағыз қазақтың байсалды бәйбішесі еді-ау ол. Бізбен қазақша сөйлесіп, ақылын айтқанда, оны қамқор анамыздай сезінетінбіз. Кеш келіп, сонда қонып қалсақ, мен, Ерсін, Елтай, Жұмажан, Шарапат, өзінің Елтайы бар, бәрімізге үлкен залға төсегін қатар-қатар көпіртіп салатын. Ал, аңқылдаған, жарқылдаған Қаскеңнің әндерін, әңгімелерін тыңдау да бір ғанибет. Ол ойнамайтын аспап жоқ-тын. Пианинода, мандола, домбыра, гитара болсын, қай-қайсын болсын ойнағанда, сазды әуендерді төгілтіп, өзінің қоңыр даусымен ән шырқағанда, аузымызды ашып, елти тыңдайтынбыз. Оның «Қаракөз», «Сарысу әуені», «Қарағанды вальсі», «Жайлау таңы», «Жаңаарқа – туған жер Қаражартас», тағы да басқа елге танымал әндерін өз айтуында естіген бір бөлек екен. Әсіресе, ол туған Қаражартасына арнаған әнін қатты тебірене шырқайтын. Оның сөзі мен сазын жазған да өзі.

Мәселен:
«Жаңаарқа – туған жерім Қаражартас,
Ардақты ел, асыл едің, анам жартас.
Есейіп, ержеткен соң келсем аңсап,
Өзгерген бұрынғыдан жаңа жартас», – деген жолдардан оның перзенттік махаббатын қалай сезінбеске?! Алайда, осындай аяулы ұлын артындағы елі ардақтай алды ма?! Әсте олай деп айта алмаймыз. Оның атында туған жері Шет ауданының Өспен, Еркіндік ауылдарында не бір көше, не мектеп жоқ. Қарағанды қаласында ол тұрған Можайск көшесіндегі 5-үйге ескерткіш тақта да ілінбеген. Дүниеге 1937 жылы келіп, жетпіс жасына жетпей көз жұмған абзал азаматтың әлі күнге есімі ескерусіз, атаусыз қалып бара жатқаны өкінішті.

Біз Қаскеңнің қаншама атақты адамдармен бірге оқығаны, жолдас болғанынан да хабардармыз. Ол өзінің студенттік жылдарын, жастық шағын, өзіміздің Сәкен театрында еңбек еткен уақытын еске алғанда, Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Еспаев, Ескендір Хасанғалиев, Мұқағали Мақатаев және басқа да өнер тарландарымен етене достығын, сыйластығын, бастарынан өткен небір қызық жайттарды майын тамыза әңгімелеп, кеудесін сағыныш сазы кернеп, еріксіз жанарына жас үйірілетін.

Қасымхан Асановтың көзі тірісінде жазған 23 әні бар. Оларда Қаскеңнің өз стилі, өзіндік қолтаңбасы сезіліп тұрады. Бұл әндердің көпшілігі қазақ радиосының алтын қорына жазылған. Халық оларды Мақпал Жүнісова, Қайрат Байбосынов, Қорабай Есенов сияқты белгілі әншілердің орындауында естіп жүрді.

Ән шығарудан бөлек Қасымхан ағамыздың тап-тамаша ақындығы да бар еді. Оның қаламынан туған өлеңдері аса көп те емес. Бірақ, соның өзінде де одан біз ақындық шабыт пен образды сөз қолданыстары, әсем үйлесімді көреміз. Мысалы, «Көктем ойлары» өлеңіндегі:

«Көктемнің көркі қандай, көк өртенгендей,
Жүрегің шыдамайды-ау бек өртенбей.
Бейне адам, жан-жануар өміріндегі,
Кетеді көктем де өтіп тек ертеңдей», – деген шымыр шумақта терең философиялық ой жатса, қырық жыл отасқан сүйікті жары Әсиясынан айырылғанда, өмірдің өткінші екенін одан әрі тереңдетіп, қатты күйзеледі:

«Құдай-ау, не себепті қарғағаның,
Тағдырға амал бар ма, мен зарладым.
Жалғызы ем ата-анамның артындағы,
Алғанша Әсиямды мені алмадың.

..Әсия-ау, дана болдың, ана болдың,
Мен шіркін Сарыарқадай
дала болдым.
Төрт ұлың артындағы әкелгенде,
Соларменен мен дағы бала болдым», – деп, күңірене жас төгеді. Айтса айтқандай, өзі сері, өзі толқынды, бұйра шашты, қияқ мұртты, шымыр денелі Қаскеңнің бар еркелігін көтерген осы Әсиясы ғой! Оның қандай кең, мейірімді адам болғанына өзіміз де куәміз. Ендеше оның өліміне Қаскең осылай жыламағанда, кім жыламақшы?!

Қасымхан ағамыз бен Әсия шешеміз алтын асықтай төрт ұл тәрбиелеп өсіріп, немерелеріне еріндері тиіп кетті. Өкінішке орай, екі ұлы – Аяны мен Ерланы мезгілсіз қайтыс болып, соңдарында жарлары жесір, балалары көздері жәудіреп, жетім қалды. Ал, ең тұңғышы Серігі отбасымен Қарағанды қаласында тұрып жатса, одан кейінгі Ержанымен Абай ауданының Топар кентінде қатарлас көшеде тұрдық. Әттең, ол да 2020 жылы 61 мүшел жасында атың өшкір Ковидтің құрбаны болды.

Мен өзім аттас осы Ержан досымды 2010 жылы Топарға көшіп келмей тұрып-ақ танитынмын. Дегенмен арада қаншама жыл өткеннен кейін тағдыр бізді Топарда тағы тоғыстырып, шынайы сырлас досқа айналдық. Өзі әнші, сөзге жүйрік, ақындығы да бар, кезінде жақсы боксшы болған онымен қай тақырыпқа болсын сөйлесуге болатын. Ол әке алдындағы парызын өтеп, 2012 жылы «Қарамашы, қадамашы көзіңді» деген атпен Қаскеңнің әндері мен өлеңдерін, ол туралы естеліктерді жинақ етіп шығарса, 2019 жылы «Бабаларға бас иіп, ағаларды ардақтап» кітабын шығарып кетті. Онда да әкесі жайлы көп айтылған. Міне, әзірге белгілі сазгер жерлесіміз Қасымхан Асановтың есімін ете қалдыратын белгі осы ғана болып тұр…

Ержан ИМАШ,
Абай ауданы

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button