Қайран Қалақаң!
Өмір дегенің – бар мен жоқтың арасында бұлдыраған бір кезең ғана екен-ау! Ерте кездегі адамдардың «бүгін барсың, ертең жоқсың» деп отыратыны соның айғағы болса керек. Туралығында солай да ғой, тап осы мезетте көз алдыңда жалт еткеннің ендігі бір сәтте қаракөлеңкелікке айнала беретіні шындықтың қақпасын айқара ашып тастары анық. Олай болса, естеліктердің өзегін үзіп алмауға тырысқанымызды көкірек айнасын жаңғыртқанымыз деп ұққанымыз жөн шығар.
Осыған сайысақ, өткен мен кеткеннің аралық айқындығына үңіле отыра, Қалақаңның да тіршілік айдынында сап түзгенін, сол кісінің тәлім-тәрбиесін көргенімізді көңілімізге құт санаймыз. «Қалақаң» деп отырғаным – Қалиакпар Әбілдин.

Жаңаарқаның атпал азаматтарының бірі де бірегейі. Жұрт алдында сыйлылығы өз алдына, ақындығымен көш бастаған абзал тұлға. Көп жыл аудандық «Жаңаарқа», «Новая степь» газетінің редакторы қызметін атқара жүріп, ауданның рухани әлеміне өлшеусіз үлес қоса білген жан. Кейіннен облыстық газеттерде меншікті тілшілік қызметте болып, ал зейнет демалысына шыққанында шығармашылық қуатын барынша еселеген ағамыз.
Біз бір атаның балаларымыз. Нақ тұғырға үңілсек, тарихи тұлға Нияз батыр – Нияз аталыққа жиен болып келеміз. Қарындасын Медет пен Қуат атты екі баласымен Жаңаарқа жеріне көшіріп алып, айналасына «Енді бұлар жекжат емес – туысқандарың, сондықтан бөлмеңдер, бауырларыңа тартыңдар» деп өсиет қалдырғаннан кейін шығар күні кешеге шейін шежіреде «Сайдалы – Барқы – Нияз – Қақсал» болып таралғанымыз белгілі. Тек, түп шындыққа жүгінгендіктен Шегендік ата тармағына оралғанымызды жасырмаймыз. Жаңаарқа жұрты әлі күнге Ниязға теліп отырады. Арғы басы Ақтау тауының бір алқабында жатқан «Қақсал асуы» деген жерге, бергі етегі «Қақсал бидайығы» деп аталатын көкорайға ат байлап, қоныс құрғанымызды алға тартқандығынан, әрине.
Және бір зердеге тоқитын жәй – Шұлғау молда деген өңірге белгілі адамның үйінен табылған, оның нұсқасын молданың күйеу баласы Омаров Шұғайдың кенжесі, құрдасымыз Сапардан көрген сол замандағы көзі ашық саналатын төрт адамның өткен ғасырдағы жазба қорытындысын жариялаған, ғасыр адамы аталған Темірғали Көкетаевтың ағасы (есімін есіме түсіре алмай отырғаным) 1970 жылдары кирилицаға түсірген шежіресіндегі «Шегендік қайтқаннан кейін Қақсалдың шешесін әмеңгерлік жолмен Қуандық алған, одан Алтай, Қарпық туған» деген деректі оқығанда таң қалғанымыз жасырын емес. Әрине, бұл деректі өз басым нақтылыққа сайымаймын, әйткенмен оны шежірешілер, ғалымдар келешекте өз пайымына салар деп үміттенемін.
Иә, нелер заманда еншісі бөлінбеген қазақ жұртында зерделесең толғар әңгіме, таратар хикаяттар көп қой. Соған сәйкес ұзын-ырғақты желіге түспей қысқа қайырсақ, біздің Жаңаарқа топырағына тұрақтауымыздың негізгі сырын осы тұстан іздегендер әсте қателеспейді.
Осы орайда, сырқаттанып жатқанында Қарағандыдағы ауруханаға соққанымда: «Төкен, қолың ұзындау ғой, Жаңаарқадағы ағайын балалары жадына тоқып жүрсін, бір шежіре шығарып ұсыншы. Бұл келешекке керек», – деп қолқа салғаны бар-ды. Қалақаңның бұл өтінішін орындадым да. Тек, сол еңбекті ол кісі көре алмай кетті. Қырқы беріліп жатқанда Алматыдағы бір баспадан жарық көріп, ас үстінде жұртқа таратылды. Әрине, асығыстау жарияланғандықтан кейбір туысқандардың кітапшадан тысқары қалып қойғаны бар шығар. Сөйткенмен, әйтеуір бұл жазбаның болашақ ізденіске нұсқа болып қалары даусыз.
«Медетім, Қуатым – таусылмайтын суатым» дейді екен өз уақытындағы жұрт аталарымыздың мерейін аспандатып. Мұны Қалақаңның бәйбішесі Ақборық жеңгеміз де жиі қайталап отырушы еді. Міне, сондай аталардың жалғасы Қалақаңның да өз ортасына сыйлы болғанын жоғарыда айттым. Сонымен қатар, тіршіліктегі бейберекеттік, қым-қуыт жағдайлардан да тысқары жүргенін мойындағанымыз абзал. Тіпті, тұрмыс тауқыметінен адалығына мына оқиға дәлел.
Бірде аудан орталығына соққан алыстау жақта тұратын бір жора-жолдастары олай-былай сабылып, Қалақаңның үйін таба алмаса керек. Атшаптырым қоралардан, оның төбесіне үйілген шөптерден арғы-бергіні болжау деген мүмкін емес қой, енді не істерлерін білмей дағдарғанда әлдекім: «Қалиакпардың қолға мал ұстағанын кім көрген, біз шөбі жоқ қора іздейік» деп жөн сілтепті. Сөйтіп, шөптен ада бір кішігірім қорасы бар үйді тапқандарында адаспағандарына көз жеткізісіпті. Мұның өзі күйбең тірліктен алшақ тіршілік кешкенінің бір нышаны шығар.
Ағамыз ақын болатын. Ақындығына сәйкес аңғалдығы да жетерлік еді. Содан да шығар үлкендермен қалай қарым-қатынас жасаса, жастармен де аралас-құраластығы бір үзілген емес. Бәріне қамқорлықпен қарайтын, кім-кімге де қамқор болып жүруге тырысатын. Сол кезде ауданда аты аталған, көзге көрінген шығармашылық жастардың жазғандарын газет бетіне жариялаумен қатар, оларға деген сенімін жоғалтпағаны, жастардың өсуіне игі ықпал еткені күні кешегідей. Болат Асанов, Амандық Рахов, Ғалым Жайлыбаев, Мағжан Садыханов және басқа да таланттардың көктемгі жауқазындай дүр етіп бой көтергені және аудандық газет қабырғасынан түлегені бұл сөзімізге дәлел.
Ол кезде біз де жаспыз. Қылтың-сылтыңымыз бастан асады. Жұмыстан кешігіп, немесе басқаша жағдаймен жұмыс орнынан қара үзіп қалған шағымызда өзімізше монтансып, неше түрлі сылтауларды тізбектей ертеңіне редактордың алдына барғанымызда Қалақаң бас-аяғымызға сынай қарап отырып мырс ететін. Сөйтетін де: «Шырақтарым, бүгін айтып, ертең ашылып қалатын өтіріктеріңді әзірге жиып қойсаңдар етті. Мен он жылдан кейін ғана ашылатынына сенейін, ал қазір жұмыстарыңды атқарыңдар», дейтін. Ұяла-ұяла жұмыс бөлмесіне қарай жөнелетінбіз. Біздің редактор осындай адам болатын.
Қалақаңның жақынға деген пейілі де ерекше еді. Туыстың, дос-жаранның қызық-қуанышынан қалыс қалғанын ешқашан да байқамаппын. Кішіге үлкен, үлкенге кіші бола жүріп, ешкімді жатырқамастан аралас-құраластықтың әдебін жариялаудан бір жалыққан жан емес-ті. Мұның өзі сыйластықтың қашан да игілікті екенін танытып тұратын. Міне, ағамыздың осы мінезін, осы қасиетін ұлдары Еркемұрат, Нұрлан, Әбіл бойынан көретінім көңілге қуаныш ұялатады. Төл басы Гүлнар бастаған қарындастарымыздың да ізгілікке жақындығы сүйсінтпей қоймас-ты.
Мені осы күнге шейін бір өкініш мазалайтынын да жасырғым келмейді.
Ақаңның – Ақборық жеңгеміздің кейіндегі айтуынша, ауруханадан шығып, Әбілдің үйіне келгеннен кейін Қалақаң «Төкенмен хабарласуым керек еді» депті алабұрта. Сәлден кейін алдыға ас келіп, ол ынтасы сәл басыла «Сәл тынығып алайын, сонсын хабарласармын» депті өзін-өзі жігерлендіре. Бірақ…
Ас ішіліп, сәл тынықпаққа диванға қисайған ағамыз көзі ілініп кеткен қалпында жүріп кетіпті.
Не айтпақ болды екен?..
Төкен ӘЛЖАНТЕГІ,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері



