Айналасын жүрекпен аймалаған
Қарағандының Штурманский деген көшесінің бойында әрі-бері өткеннің көзін еріксіз арбайтын ерекше аула бар. 5 қабатты үйдің алдында құрық мойынды керік керіліп, ай мүйізді арқар қасқайып тұр. Арқардың сол жақ іргесіне түйе шөгіпті. Бұтаға қыран қоныпты. Әріде құс ханшасы аққу қанатын жайған. Сәл аялдап, көз тастасаңыз, көңіліңіз жадырайды. Ал, күйбең тірлікке шырмалған көңіл әрнәрсеге алданбайды. Аула туралы, оны жасаған Серік Әбішев туралы бүтін Қарағанды халқы біледі деуге де болады. Себебі, қаншама газет бетіне басылған, телеарнаға да шыққан. Әлеуметтік желі де сүйіншілегелі қашан… Біз кейіпкерге басқа қырынан қарап көрмекпіз. Мәселен, мынау жарық жалғанда небір жасампаздар бар. Мейлің, үлкен немесе кіші болсын, бірдеңе жасау үшін адамның ішінде бір нұр болуы керек емес пе?! Жасампаздыққа нұр керек. Міне, біз Серік Әбішевтің ішіндегі нұрды көргіміз келеді. Бір көзге айтарлықтай дүние болмауы мүмкін. Бірақ, осы бір аядай аула қаншама балаға қуаныш сыйлады. Маңайда тұратын көршілер де дәл осы аулада серуендеуге құмар. Серік атамыз жәй ғана қолөнерші емес екен.
Серік Әбішев 1947 жылы Жаңаарқа ауданында туған. «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» депті әулие бабамыз Бұқар жырау. Әлгі біз айтып отырған нұр тектен берілсе керек. Алпыс екі тамырдағы ыстық қан – сол нұрдың мекені ме дерсің. Әкесі Шерғали Әбішұлы ұлағатты ұстаз болған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Білім мен парасат иесі мемлекет қайраткері Байкен Әшімовке сабақ беріпті. Ал, үлкен атасы Көбетей Абылай ханның бір батыры болған. Тағы бір атасы – Жарқын батыр. Ол – қазақтың соңғы ханы Кенесарының сенімді серігі. Қырғыз жеріне дейін жетіп, сол жақта тұтқынға түскен. Серік атамыз – палуан. 9 сыныптан бастап самбомен айналысыпты. Жаңаарқадағы Атасу станциясының мектебінде оқып жүргенде талай мәрте аудандық жарыстарда жеңіс тұғырына шыққан. Әскери борышын өтеп жүргенде Қырғызстан мен Қазақстан ішкі істер әскерлерінің арасында өткен біріншілікте чемпион болған. Бұл күш батыр аталарынан жеткен-ау?!
Әкеден ұстаздық дарыса керек. Серік Әбішев қырық жылдан астам уақыт ұстаздық етіпті. Еңбегі еленіп, «Халық ағарту ісінің үздігі» атағы берілген. «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісі де кеудесінде жарқырап тұр. Екі ұл, екі қызды әкесі. Үлкен ұлы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет еткен екен. Өзінің айтуы бойынша, қызмет барысында ауыр жарақат алып, қайтыс болған. Серік атаның әр сөзінен, көзінен ерге тән мінезін сезесіз. Сабыр дегеннің не екенін шын ұққан байсалды қария. Жанында отырып өмір туралы толғамдарын тыңдап отыра бергің келеді. Әуелде өзінің алған марапаттарын айтқысы келмеді. Атағын жария етуді жөн санамады. Бұл қылығына іштей сүйсіндім.
– Өмірдің көбі артта қалды. Шама-шарқым келгенше елге қызмет етуге тырыстым. Жастар да елге қызмет етуге талпынса екен. Еңбек – ғұмырыңа мән береді. Осы жасқа келгенше еңбектен қол үзген емеспін. Қаланың пәтерінде күн кешсем де, айналысатын жұмыс тауып аламын. Қартайған адамға қимыл керек. Қимылдамасаң, денсаулығың сыр береді. Өмір бойы спортпен шұғылданып, жұмыс істедім. Бойың соған үйреніп қалады. Далаға шығып, ауламды безендіремін. Кейде адамдар мүсіндерді суретке түсіріп, қызықтап жатады. Соған әйнектен қарап тұрып, қуанамын. Кеудеме ерекше шуақ төгіледі. Бұл да бір бақыт десем болады. Сенің жасаған еңбегің біреуді қуантып жатса, бақыт. Солардың қуанышы маған жігер береді, – деді Серік Әбішев.
Жасы сексенге жақындаса да, сымдай тартылған. Бірнеше рет жазғы марафондарға қатысып, медаль алған. 62 жасында 35 шақырым жүгірген. Әлі күнге дейін спорттан алыстамаған. Қар қалыңдағанда шаңғы тебемін дейді.
Журнал столы да бар екен. Кейінде кітапханаға барып, Міржақып Дулатовтың өлеңдер кітабын алыпты. Көркем әдебиет оқиды әлі күнге дейін. Одан басқа да газет-журналдар толып жатыр. Жануарлар әлемі туралы қалың энциклопедия да көзімізге түсті. Серік атаны мына әлемнің жаратылысы да қызықтыратын секілді.
Аядай ғана пәтерде тұрса да, күні бойы қолы босамайды. Жүгіреді, шаңғы тебеді, кітап оқиды, мүсін жасайды. Мүсін жасауға кіріспес бұрын сұлбасын қағазға түсіреді екен. Атаны әуесқой суретші десек те болады.
Ауланы безендіруге көршілері көмектеседі. Біреуі қаржылай қолдап, қажетті материалдарды сатып алады. Көршілердің арасында дәнекерлеуші де бар екен. Мүсіндердің қаңқасын сол жасаған. Біз барғанда Лариса Барцева деген көршісін «журналистер келді» деп жанын қоймай алып шықты. «Бұл көршімнің еңбегі ерен. Мүсіндерге қажетті орындардың құжатын әзірлеп, жанталасып жүреді. Жақсының жақсылығы айтылуы керек» деді. Серік атаның бұл әрекетінен адалдықты байқадық.
Дәм үстінде біраз әңгімелестік. Түсінгеніміз, түйгеніміз аз емес. Аулада амандасқан балаға да, үйге келген туған-туыс, дос-жарандарының балаларына да шеберханасынан шыққан бұйымдарды сыйлап жібереді екен. Серік ата үшін өмірдің мәні – маңайыңа титтей де болсын қуаныш шуағын шашу секілді. «Баланы мәз қылғым келеді» деді бір сөзінде.
Шынымен де, әр адам бұл өмірден өзінше мән іздейді. Біреу атақты болғысы келеді. Енді біреуі байысам, шалқысам дейді. Айта берсеңіз, көп. Енді біреулері мәнін таппай, өмір көшінің бір жиегінде қалады. Серік атаның өмір салтына қарап, «мәнге» деген көзқарасымыз сәл де болсын өзгергендей. Үздіксіз еңбек ету, қолыңнан келгенше адам баласын қуанту, тән мен жанды қуаттау. Міне, Серік ата бізге осыны ұқтырды.
Жан дүниесіне нұр түскен қариямен әңгімелесіп отыра бергің келеді екен. Бірақ, біздің сапарымыз әлі алда. Қаншама күрес, міндет тұр алдымызда. Серік атаның нұрынан сәл де болсын жылу алып, әрі қарай кеттік. «Халықтың қызметіне жараңдар!», – деп бата берді.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz