Жаңалықтар

Айналайын!

Жынды бала!

Ағаларыма еркелеп, істемейтінім де, айтпайтыным да жоқ еді. Сондайда Орағаңнан еститін сөзім еді –  бұл. Риясыз жымиып: «Әй, жынды бала!» дейтін еді…

Сол күндер де сағынышқа айналды.

Мағау ағам (Мағауия Сембай) ата-анасы туралы әңгіме айта бастаса, «Жылайды, қазір жылайды» деп, жылатып қоюушы едім…

Тілеш ағамды (Тілеуқабыл Байтұрсын) «Алматыдан ұлың іздеп келді» деп, алаңдатып қоятынмын.

Бір кабинетте отырған Ибрагим (Бекмаханов) ағама да істемейтінім жоқ еді.

Базарбай ағаға балдызындай (негізі ол кісіге туған жиен күйеумін) еркелеуші едім.

Жарықтықтар! Жатқан жерлері жайлы болсын!

Бүгін 70 жасқа толып отырған Оралбек ағаммен әр кездесуіміз шытырманға толы болатын. Әсіресе, БАҚ қызметкерлері мерекесінде ұжым болып Көкше теңізге (Балқаш) демалуға барған сапарларымыз…

Бірден көлге емес, Орағамның шаңырағына соғамыз. Таңмен жарыса Асыл апайдың қуырдағын көмейлетіп, екі иінінен демалған самаурынынан шәй сіміреміз. Сонан кейін Орағаңның арнайы дайындап қойған отынын, самаурынын, домбырасын, сойып қойған қойын көлікке тиеп, шаңырақтай шіләпілерін шалқайта киген ерлі-зайыптылардың көлігіне ілесеміз.

Қалада тұрса да, даланың дархандығын танушы едік Орағаң мен Асыл жеңгеміздің аппақ пейілдерінен. Көлге иек артып, көк түтінге тұншыққан қалаға емес, жайлауға келгендей рахаттанушы едік. Сөйтсем, жан жадыратып, көңіліңді көкке шарықтататын қонысы емес, Аға мен жеңгенің көлдей көңілі мен қардай пейілі екен ғой!

Барғаннан қайтқанша самаурынды өзі қайнатады. Біз болсақ, ұялмай: «Самаурын қайнады ма, айналайын?» деп қалжыңдаймыз. Арасында қоңыр домбыраға ғажап үйлескен қоңыр үнмен «Гүлдерайымды» тамылжытады.

Міне, Орағаң – осындай жан!

…Қасиетті Ақтоғайда, Ақсораңның етегінде туған ғой, азаматтығы Ақсораңдай асқақ!

Жаны Тоқырауындай мөлдір. Қызыларай тауларының қойнауында Әулие деген үңгір бар. Тал-құрағы тербеліп, бал бұлағы сылдыраған жер біткеннің көркемі. Осы Әулиенің бауырында өскен Орағаңның өзі де – Әулие! Сыр-сымбаты, келісті келбеті, кеңдігі мен өрлігі туған топырағынан бір аумайды!

…Қаламгердің өз мінезі қаламына дариды. Асау мінезді ағаларымның талайының қаламынан қан тамғанын көргенбіз. Ондай ағаларым халық ісіне бас қатырмайтын билік басындағыларға ас батырмайтын.

Ал, Орағамның қаламынан нұр төгіліп тұрады. Ақиқатты жазбады емес, жазды. Өткір сын, уытты фельетондары әлі күнге дейін жұрт жадында. Дегенмен, очерк жазғанда орғыта көсілетін Орағаң жүрегінің мейірім-шуағын төгілдіре отырып, мейіріңді қандырады-ау… Әсіресе, Орағаңа кейіпкер болған дәрігер қыз, мұғалім келіншектерде арман жоқ. Ана бір жылдары мен «Орталықта» жауапты хатшы болдым. Оралбек аға – газеттің Ақтоғай, Шет, Балқаш өңірлері бойынша меншікті тілшісі. 8 наурыздағы мерекелік санға қиналмайтынбыз. Тіпті, жоспар жасап та әуре болмаймыз. Орағаңның келісті, кербез, керемет кейіпкерлері әр беттің әрі болып шыға келеді.

Сол Орағаң бүгін 70-ке келді. Ортайған жоқ. Қартайған жоқ. Ортайған жоқ дейтінім, әлі күнге дейін көркемдігі көшелі дүниелері оқырман көзайымы болып келеді. Қартайған (бұқаның мұрны сияқты) жоқ дейтінім, Орағаң әлеуметтік желіде қыз-келіншектерді күні бүгінге дейін айналып-толғанып отыр. Қалжың ғой.

Қазынасы ортаймасын! Жазары сарқылмасын! Базары тарқамасын!

Күнді айналған жер секілді ізгілік пен сұлулықты, жақсыларды айналып-толғанып, мың жасасын Жақсы Аға!

Мерейтойыңыз құтты болсын, мейірімнің бұлағындай, ай мен күннің шуағындай болған Ораға!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button