Қаймықпаған қайсарлық
Кезіндегі КСРО-дай алып империяның іргесін шайқалтып, бүгінгі Тәуелсіздігімізге жол салып берген Желтоқсан оқиғасына көп ұзамай 40 жыл толатын болса, сонда алаңға шығып атойлаған қайсар ұл-қыздарымыздың бірі Гүлбаршын Қалмаққызы Аханова да сол күндердің қасіреті мен қиянатын әлі ұмытпайды.

Қостанай облысы Қостанай ауданының Алтын дала ауылында туып-өскен бойжеткен сол 1986 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институты стоматология факультетінің III курсында оқып жүрген болатын. Дәл Желтоқсан айының 19 жұлдызында ол студент құрбыларымен әдеттегідей сабаққа баруға автобусқа отырады. Сонда жандарына келген бір әйел Алматыда Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевты орнынан алып, сырттан ешкім білмейтін Геннадий Колбинді қойғанына наразылық танытқан қазақ жастарының ереуілдеп жатқанын айтып:
– Егер сендер де оларды қолдайтын болсаңдар, ертең таңертеңгі сағат 10-да облыстық партия комитетінің алдындағы алаңға келіңдер, – дейді.
– Әрине, қолдаймыз! – деп жауап берген бұлар 20 желтоқсанда дәл межелі мерзімде Бейбітшілік бульвары көшесі бойындағы обкомның алдында жиылып жатқан жастарға тобымен барып қосылады.
– Біз барғанда студент жастар «Менің Қазақстаным» әнін қосыла шырқап, олардың арасынан бірнеше адам халықтың бұл шешімге қарсылығын айтып, митинг бейбіт жағдайда өтіп жатқан, – деп еске алады сондағы көріністі Гүлбаршын.
– Бір кезде алаңды қоршай тоқтаған милиция машиналары мен «ПАЗ» автобустарынан түскен милиционерлер бізге резеңке сойылдарымен тап бермесі бар ма? Қас қылғандай құрбым Баян Бөлтірікова екеуіміз алдыңғы қатарда тұрып қалыппыз. Енді артымызға қарасақ, бір милиционер дубинкасымен бізбен курстас жігітті ұрып жатыр екен. Жалма-жан қолына жармасқан бізді ол бұйым құрлы көрмей лақтырып жіберді. Екі жаққа ұшып түскен соң басқа милиционерлер желкелеп тұрып, әудем жерде тұрған автобустың ішіне бір-ақ лақтырды. Содан қолға түсіп, ұсталған бәрімізді бұрынғы Ленин аудандық ішкі істер бөлімінде кешке дейін ұстап, толассыз жауаптың астына алды.
Міне, сол күннен Қарағандыға оқу қуып келген мұны күнде тергеуге шақырып, ақыр аяғында комсомол қатарынан да, медициналық институттан да шығарып тастайды. Соқа басы сергелдеңге түскен Гүлбаршын сонда да жасымай, түбі күні әділеттің жеңетініне сеніп, 1988 жылы институтына қайта қабылданып, оқуын да ойдағыдай аяқтап, тіс дәрігері болып шығады.
Содан бері өз мамандығы бойынша еңбек етіп келе жатқан Гүлбаршын Аханова бүгінде Бұқар жырау ауданының Үштөбе ауылдық амбулаториясында стоматолог болып істейді.
Өңірінде сол күндердің белгісіндей Желтоқсаншылардың төсбелгісі мен Тәуелсіздіктің 25,30 жылдық мерекелік медальдары жарқырайды. Осыдан 7 жыл бұрын отағасы қайтыс болғанымен, қазіргі өміріне шүкірлік етіп, екі ұл мен қызынан көрген немере, жиендерін дәтке қуат қылады. Сол Желтоқсанда азаттығымыз бен елдік намысымыз үшін алаңда атойлаған арудан ардақты ана, аяулы әжеге айналған Гүлбаршын Қалмаққызы бүгінгі Егемендігіміздің еңселі, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын жатса-тұрса тілейді.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы



