Аймақ жастары 100 көшет отырғызды
Home Credit Bank 20 жылдық мерейтойына орай Қазақстан қалаларын көгалдандыруға әрі экологиялық қолайлы орта қалыптастыру мақсатында «Жасыл Саяжол» экологиялық бастамасын қолға алған болатын. Осы бастама аясында Қарағандыдағы Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті аумағына 100 көшет отырғызды. Аталған іс-шараға Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Ринат Қаржасбаев пен Басқармалар-әлеуметтік тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Абай Қалықов қатысып, жылы лебізін білдірді.

Айта кетейік, бұл жоба – аталған банктің корпоративтік ESG стратегиясының бір бөлігі. Осыған дейін Алматы, Шымкент, Астана және Көкшетау қаласына 400 ағаш отырғызған болатын. Енді «жасыл» тізімге Қарағанды да қосылған. Алдағы уақытта банк басшылығы елдің 12 қаласына құны 36 млн теңгені құрайтын 1200 ағаш отырғызуды көздеп отыр.
– Атқарылып жатқан жұмыстар жәй ғана іс-шара емес. Керісінше, ел болашағына қосып жатқан үлкен үлесіміздің бірі. Әрине, біз мерейтой аясында түрлі бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Ал, қоршаған ортаның экологиясы – ең бірінші орында. Сондықтан, біз облыс әкімдігімен келісімге келген болатынбыз. Ал, өңір басшысы бізге осы бір оқу орынын нұсқады. Қазір бұл жерге қайың, шетен және алма ағашын отырғыздық. Дәл осы ағаштың түрі ауаға көмірқышқыл газін көп мөлшерде бөледі. Сондықтан, осы түрі таңдалып алынды, – деді аталған банктің Қарағанды қаласындағы Кәсіпкерлікті дамыту бөлімшесі басшысының орынбасары Самғат Айтжан.
Сөз алған Абай Қобландыұлы облыс әкімдігі мен банк басшылығына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, бастаманың сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді.
– «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілген түрлі экологиялық іс-шараларға университет ұжымынан студенттерге дейін бірауыздан қолдап, белсенді түрде атсалысып келеді. Бұдан кейін де қалыс қалмайсыз. Осы жолы оқу ғимаратымыздың ауласында жасыл желектердің отырғызылғанына ерекше қуаныштымын. Жас көшеттер алдағы уақытта жасыл саябақ аумағының бір бөлігіне айналып, студенттер мен қала тұрғындары үшін қолайлы микроклимат қалыптастырады деп сенемін, – деді ол.
Университеттің ІІ курс студенті Әмір Кенжебек – белсенді жастардың бірі. Ол әрдайым қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, бірде-бір бастамадан тыс қалған емес. Бұл жолы да өзінің белсенділігімен көзге түсіп, қатарластарына үлгі бола білді. Игі істің алдыңғы шебінен табылып, өз үлесін қосты.
– Бұған дейін де түрлі экологиялық акцияларға қатысқанмын. Дегенмен, бұл іс-шараның жөні бөлек. Өйткені, бүгін өзіміздің сүйікті оқу орнымыздың ауласында жаңа көшеттер отырғызып жатыр. Ең қуаныштысы – сол көшеттерді өз қолымызбен отырғызудамыз. Уақыт өте келе бұл ағаштар жайқалып өсіп, аулаға ерекше көрік сыйлайтынына сенемін. Ал, болашақта «Бұл көшеттерді өзіміз еккенбіз» деп мақтанышпен айтып жүретін боламыз, – деді студент.
Айта кетейік, банк басшылығы мерейтой аясында бірқатар әлеуметтік және қайырымдылық жобаларды да жүзеге асыруда.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»