Аймақтың үздік бүркітшілері анықталды
Шет ауданының Кеншоқы ауылында «Салбұрын-2025» қыран құстармен аң аулау бойынша өңірлік біріншілік өтті. Жарысқа облыстың әртүрлі қалалары мен аудандарынан 20 мықты бүркітші қатысты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сайыс төрт кезеңнен тұрды: құсты қолға қондыру, түлкінің муляжына шабуыл жасау, қоянға салу және ақтық кезеңде арнайы үйретілген тазылармен жарысу. Аңшылар бүркіт, қаршыға және сұңқармен өнер көрсетті, бірақ қатысушылардың басым бөлігі бүркітпен сынға түсті.
Бүркіт санатында Доскей ауылынан келген Бұқар жырау тумасы Темірәлі Төлегенұлы бірінші орынға шықты. Ол қыран құстармен аң аулаумен он жылдан астам айналысып, бірнеше бүркітті өз бетінше өсіріп, баптаған. Биылғы жарыста ол Ақжелкен атты бүркітімен бақ сынады.

– Аңшылық – ата-бабамыздан қалған өнер. Мен бұл іспен он жылдан бері айналысып келемін және шәкірттеріме үйретемін. Бұл жарыста барлық кезеңнен сәтті өтіп, бірінші орынды иелендік, – деді Темірәлі Төлегенұлы.
Жеңімпазға 500 мың теңге табысталды.
Бүркітшілер арасында екінші орынға Бұқар жырау ауданынан Арман Метей, үшінші орынға Қарқаралы ауданынан Нұрғазы Қазыбек ие болды.
Сұңқар санатында үздік нәтиже көрсеткен — қарағандылық Танат Оспанқұлов. Екінші орын Темірәлі Төлегенұлының еншісінде.
Қаршыға санатында Карқаралы ауданынан Ерік Бақтығали жеңімпаз атанды. Екінші орынға Танат Оспанқұлов, үшінші орынға қарағандылық Серік Кәріпов ие болды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



