Аймақ туристтік орталыққа айнала ма?

Өңірдегі туризм саласының даму қарқыны бәсең емес. Тегінде бұл бағытта атқарыла түсер іргелі бастамалар кезек күтіп тұр. Қарағанды өңірінде бұған қажет алғышарттың бәрі бар. Кеше Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев облысқа арнайылап, орталыққа ат басын тіреді. Өңір тұрғындары әрі турбизнес өкілдерімен өткен кездесуде аталған кешеннің көкейкесті мәселелері қарастырылды. Жұртшылықпен жылы амандасқан Мирас Қалиұлы әуел баста атқарылып жатқан істерді тіліне тиек етті.

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы» аясында бекітілген жоба жоспарға сәйкес, орталық атқарушы органдар тарапынан ұйымдастырылған кездесу туризм саласының тұралап қалған түйткілдерін оңтайлы шешу мақсатын көздемек.

Спикердің сөзінше, пандемиядан кейінгі уақыт ішінде елге келген туризм ағыны өткен жылдармен салыстырғанда 25 пайызға өскен. Бұл – 8,6 млн. адамды құрайды. Рекорд жаңарған. Сараптама амалдарының қорытындысына жүгінсек, екі мыңнан астам ел тұрғыны бұл жолы демалысын атамекенінде өткізуді ұйғарған. Былтыр Қазақстанға бір миллионнан астам шетелдік турист мейман болған. Статистика мамандарының болжамынша, биыл бұл сан бір жарым есе өседі деген үміт бар. Сан өссе, сапа да кемімеуі шарт. Сәйкесінше, аттан түскен мейманын күтіп алар мейманхана санын төрт мыңға арттыру көзделді. Оған қонақ тоқтайтын үйге хостел, глэмпинг, кэмпинг, демалыс үйі, жеке кешендер сынды заманауи мейман қабылдай алатын демалыс орындарының барлығы дерлік жатады. Былтыр қонақ үй иелері 183 млрд.теңге шамасында табыс тапқан.

Ұлттық статистика бюросының таратқан ресми хабарламасы туризмнен түскен таза табыс 200 млрд. теңгені құрағанын дәйектеді. Өткен жылға қарағанда табыс құны бақандай 70 пайызға артқан деген сөз бұл. Үкімет қазынасының бүйірін толтырған салық та рекордын жаңартты. Бұл батырлар жырындағы алты күнде алып болған Алпамыстың сағат сайын ер жеткен қарқыны демесек те, көп көңіліне көрік ұялататыны айпарадай анық жайт. Салық түсімінің сомасы 400 млрд. теңге шамасында. Өз туристеріміздің саны 15 пайыз болса, өндірісті аймақ бұл салада табыс көрсете алған үздік ондыққа енді.

Төрткіл дүниеде тоғызыншы территория атанған атамекеніміз небір-небір киелі де қасиетті жерлерге бай. Тарихы тамырланған жер әлбетте санасында сәулесі бар жанды бейжай қалдырмасы шүбәсіз шындық. Облыс сыйлы мейманын күту бағытында 2,3 млрд. теңгеге еңбек етті. Күнделікті мониторинг амалдары республика көлемінде өзіндік құны 2,8 трлн.теңгелік 32 жаңа жоба қолға алынғанын растады. Қарағанды облысында төрт млрд. теңгені шамалайтын 19 инвест жоба іске асуда. Әсіресе, глэмпинг пен visit орталықтың даму қарқыны жылдам. Сондай-ақ, туристік бизнесті қолдау аясында биыл Қарағанды облысында санитарлық-гигиеналық тораптарды жетілдіруге, кәсіпкерлік субъектілерінің шығындарын субсидиялауға төрт өтінім қаралып, қолдау тапқан.

Бәрін ай та бірін айт, отандық туризмді түлету үшін мемлекет тарапынан субсидиялау, несиелеу сынды экономикалық құралдар әрі ақпараттандыру бойынша біршама бастама көтерілуде. Нәтижесі жоғарыдағы дәйек пен дерекке таңылды.

Кезек сауал-жауапқа ұласқанында жергілікті тұрғындар мұндай игі мүмкіндікті ғадетінше қалт жіберсін бе? Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайының өкілі Ксения Морозова шалғай жерлердегі туризм ошақтары әлі де Үкіметтің жан-жақты қолдауына зәру екендігін ескертті.

– Ел ішінде тарихи сипаты бар мұражайлар ешкімге керексіз деген қоғамдық көзқарас қалыптасқалы қашан? Анығында олай емес. Сөзіме сенсеңіз, жыл ішінде құрбандар рухына тағзым етушілер саны шамамен 35 мың адамды құрайды. Алыс жолдан шаршап-шалдығып, арнайы тоқ­таған жан бірден тамақтанып, өзін қалып­қа келтіріп аларлық орын таппай дағдарады. Мұндай елді мекендерде ақпарат орталығы, заманауи асхана, яки, демалыс бөлмесіне дейін салынбаған. Жолы да көңіл көншітпейді. Арнайы экскурс-турмен кейде кісі саны 100-ден асып жығылады. Келген қонақтың қолына кәдесый ұсына қоярлық дүкен де жоқтың қасы. Қысқасы, жергілікті тарихи ошақтар заманауи инфрақұрылымды қажет етеді,– деп тоқетерін айтты Ксения ханым.

– Иә. Уәжіңіз орынды. Инфра­құ­рылым игілігін жаңғырту турасына келсек, алдымен оның барлығы нарық тетіктерімен өлшенетінін сіз бізден кем білмейсіз. Осы орайда, біз ақпараттық технологияның күш-қарымын назарымыздан тыс қалдыра береміз. Мейманға ұсынар ақпаратыңыз қаншалық пәрменді болса, соншалық қызығушылық оятасыз. Оның артында қаншама игілік жасырынып тұр. Әсілі, сіз қаузаған маңызды жайттардың бәрін бір демде шеше қою неғайбыл екендігін жете түсінеміз. Сондықтан, бұл бағытта еңбекті құзыретті мекемелермен қатар еселей түсуге тура келетіндей. Берсеңіз, аласыз, ексеңіз, орасыз. Дегенмен, сіздің сауалыңызды мен министрлік және жергілікті атқарушы мекемелер өкілдеріне нұсқама қылып қолданамын. Қысқа уақыт аралығында күрмеулі жайдың оннан бірін шешсек те олжа, – деді Мирас Қалиұлы.

Жиын соңында вице-министр жиынға қатысушылардың бір парасын жеке мәселелері бойынша қабылдап үлгерді.

P.S.: Қапелімде қап дегізерлік жайттар болса да, сала өзіне қайта-қайта қарағыштай беруді меңзейтіндей. Мейлінше мардымды істер іркіліссіз жалғасса, тәйірі оңалмайтын дүние бар ма мына ақзер әлемде. Бастысы, басқа лүп етіп келген оймақтай ой амалға алмасса болды да. Өңірде туризмді дамытудың негізгі нүктелері болып, Балқаш пен Қарқаралы ұлттық табиғи паркі таңдалғаны белгілі. Биыл қос қала төңірегінде жалпы сомасы 1,5 млрд. теңгеден аса инвестициямен 110 номерлі сегіз туризм нысанын қолданысқа беріліп қалмақ. Ал, келесі жылы Балқаш демалыс орындарының аумағында 1,4 млрд. теңгеден аса сомаға жеті жобаны іске асыру межесі тұр. Балқашта жаңа жобалар үшін 169 гектар бос жер телімдері таңдалды. Әлеуетті инвес­торлар үшін Қарқаралы ауданында 20 жер телімі және бар. Сол сияқты, Қарқаралы ауданында туризмді дамыту мақсатында «Бұғылы» рекреация­лық аймағы белгіленген. Ол Қарқаралының батыс тарапында орналасқан. Көріп отырмыз, харекет бар.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.