Аймақтарды дамыту ауыз су мәселесін айналып өтпейді
Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасын және «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында есепке алынған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында Коммуналдық инфрақұрылымды, бірінші кезекте, жылумен, сумен және энергиямен жабдықтау жүйесін одан әрі жаңғыртуды қамтамасыз ету мәселесі көтерілген болатын. Бұл ретте, біз облыстың Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында болып, аймақ тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтуға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларға құлақ түрген едік. Сонымен…
ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНЫСЫ – ПРЕЗИДЕНТ НАЗАРЫНДА
Айта кетейік, сайлаушылар жолдаған ұсыныстардың арасында осы ауыз су мәселесін көтергендер аз болмады. Әрине, «Қазақстан – 2050» стратегиясында елді сапалы ауыз сумен толыққанды қамту мәселесін шешу жоспарланған. Түрлі шаралар да қарастырылуда. Мәселен, агроөнеркәсіптік секторға қатысты кешенді түрде ылғал сақтаушы технологияға өту, жерасты суларын озық технологияларды қолдана отырып пайдалану жобаларын айтуға болады.
Бұл ретте, Президент халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аудармақ. Ол өзінің сайлауалды бағдарламасындағы «Ауқатты және заманауи ауыл» тарауында «Ауыл – ел бесігі» жобасын алға тарта отырып, ауылдық елді мекендерді кешенді түрде дамытуды, өмір сапасын жақсартуды көздейді. Яғни, бірінші кезекте ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамытуға, соның ішінде, су мәселесін шешуге күш салынбақ. Сондай-ақ, «Қолжетімді баспана, таза экология» тарауында да жоғарыда айтып өткен сумен және энергиямен жабдықтау жүйесін одан әрі жаңғыртуды қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінде тұр.
Естеріңізде болса, Қазақстанда ауыз су мәселесін шешуге бағытталған бірнеше бағдарлама жүзеге асқан еді. Яғни, 2002-2011 жылдары «Ауызсу» бағдарламасы қолға алынса, кейін ол 2011-2015 жылдары «Ақбұлақ» бағдарламасы болып өзгерді. Бұдан әрі 2015-2020 жылдарға негізделген «Аймақтарды дамыту» бағдарламасы, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы қолданысқа енді. Нендей айырмашылық бар? Көздегені бір болғанымен, бұл бағдарламалардың бағыты – әр қилы. Түрленген жоқ, жетілдірілді деуге болады. Орталықтандырылған ауыз су жүйесін құрудан бұрын, жерасты су қорын іздеу-барлау қызметі пайда болды. Су бұру, кәріз жүйесін жүргізу ойластырылды Мамандардың айтуынша, су қорын іздеу-барлау жұмыстарына кемі 1 жыл уақыт кетеді екен. Алайда, осы 1 жыл көлемінде облыста 44-50 елді мекен төңірегіндегі су қоры зерттеледі.
АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА
Осы күні орталықтандырылған су жүйесі қалаларда 92% болса, ауылдық елді мекендерде бұл көрсеткіш 85%- ды құрап отыр. Осы жылы жұмыстар «Аймақтарды дамыту» бағдарламасы және «Ауыл – ел бесігі» атты арнайы жобасы негізінде жүзеге асуда. Биылғы жоспарлы қаржыландыру көлемі 8,6 млрд. теңгені құрайды. Бөлінген қаражатқа 300 шақырымнан астам су және кәріз желісін құру көзделуде 10 инженерлік нысанды қолданысқа енгізе отырып, қалалардағы су жүйесін 97%- ға, ауылдық елді мекендерде 87%-ға жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, жүргізілген жұмыстар сумен қамтамасыз ету желілерінің тозуын 67%-ға, су бұру желілерінің қолданыстан шығу қаупін 78%-ға төмендетуге жол ашады.
Тағы бір айта кетерлігі, 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті құруға байланысты «Аймақтарды дамыту» бағдарламасы бойынша 24,9 млрд. теңгеге өтініш жіберілді. Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 4,6 млрд. теңге сұралған екен Осы күні облыстағы 9 қаланың төртеуінде сумен қамту 100%-ға жетпей отыр. Олардың қатарында Қарағанды, Теміртау, Балқаш және Қаражал қалалары бар. Соған байланысты, аталған қала әкімдері жаңадан су желілерін құру және қолда бар желілерді жөндеуден өткізу, жаңа абоненттерді қосу жөнінде жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеуі тиіс.
Орталықтандырылған су жүйесінің оңтайлы жолы
Бұдан бөлек, аймақтағы 421 ауылдық елді мекеннің 187-сі орталықтандырылған су жүйесімен қамтылмай келеді. Соның ішінде, 8 ауылдық елді мекенге су арнайы жеткізіліп отырады. Сондықтан, қала және аудан әкімдеріне биыл 1 елді мекенді орталықтандырылған су жүйесімен қамту бойынша жобалау-сметалық құжатын әзірлеу тапсырылды. Өзге елді мекендердің жобалық-сметалық құжаты 2023 жылдың соңына дейін әзірленіп, бітеді.
Ал, тұрғындары 200 адамнан кем ауылдарға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі су тазалаудың кешенді блок-модулін орнатуды ұсынуда. Ондай құрылғы Жезқазған қаласына іргелес Кеңгір ауылында, Нұра ауданына қарасты ауылдарда орнатылған. Бұл блок-модуль орталықтандырылған су жүйесін салуды қажет етпейді. Алайда, бұл құрылғы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет сараптамасына сәйкес, ішуге жарамсыз суларды тазалауға арналған. Бірақ, аймақта зерттелген су қорының басым бөлігі – ішуге жарамды. Сондықтан, қазіргі күні министрліктің ұсынысын жүзеге асыру-асырмау мәселесі талқылануда.
Біліп-білмеуіңіз мүмкін, бір кездері Саяқ кентінде ауызсу мәселесі ушыққан болатын. Аталған станция күні бүгінге дейін «БалқашСу» КММ-сі арқылы сумен қамтылуда. 1971 жылы салынып, Балқаштан Саяққа дейін созылып жатқан құбыр желісі – 160 шақырым. Міне, осы станция тұрғындары үшін блокмодуль орнату мәселесі талқылануда. Себебі, суды іздеу-барлау жұмыстары нәтижесінде станциядан 15 шақырым жерде су қоры бары анықталыпты. Яғни, 160 шақырым құбырдың ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізгенге қарағанда, 15 шақырымның құрылысын бастау әлде қайда тиімді деген сөз. Осы күні Балқаш қаласының әкімдігі жобалау-сметалық құжатты әзірлеуде.
Облыста бас-аяғы 10 тазалау кәріздерінің құрылысы бар. Қолданылу мерзімі – 40- 50 жыл. Соған байланысты, жарамдылығы да 60-70%-ға дейін төмендеген. Осы күні кәсіпорындар қолданатын тазалау технологиялары ескірген. Бұл мәселенің шешімін табу мақсатында мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларға сүйене отырып, тазалау құрылыстарын қайта құру жөнінде өтініштер берілді.
Құбыр желілері – қолданысқа беріледі
Сөйтіп, биыл құны 3,6 млрд. теңгені құраған 169,6 шақырым су желісінің қайта құру жұмыстары аяқталады. Яғни, Абай ауданындағы Юбилейное ауылында (12,3 шақырым), Жаңаарқа ауданындағы Жұмажанов ауылында (6,5 шақырым), Осакаров ауданындағы Шоқай ауылында (19,8 шақырым), осы аудандағы 6 кезекте (23,3 шақырым), Шет ауданындағы Ақадыр кентінде (25,9 шақырым), осы аудандағы Мойынты кентінде (20,4 шақырым), Төменгі Қайрақты кентінде (5,9 шақырым), С.Сейфуллин кентінде (55,5 шақырым) қолданысқа беріледі.
Бұдан бөлек, Ұлытау кентінде тазарту құрылғыларын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Абайда қазір кәріз желілері, кәріз тазалау құрылғылары мен сорғы станциялары салынып жатыр. Қарабаста кәріз желілері қайта құрылуда. Сондай-ақ, Қарқаралы ауданына қарасты Қарағайлы кентінде тазарту құрылғыларының құрылысы жоспарланған. Бұл үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, ол мемлекеттік сараптамадан өтуде. Келесі жылы Дубовка кентінде су тарту желілерінің және кәріз сорғы станцияларының құрылысы басталады.
Жалпы, өңірде барлық елді мекен тұрғындарын сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда. Облыс қалаларында бұл мәселені толық шешу 2021 жылға, ауыл, аудандарда – 2023 жылға жоспарлануда.
Рауан ҚАБИДОЛДА.