Қарағанды облысында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл мәселе облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен кеңесте қаралды. Басқосуда денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік-мәдени сала нысандарын жылумен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
Кеңес жұмысына аудан әкімдері мен салалық басқарма басшылары қатысып, маусымға дайындық барысы туралы есеп берді. Абай, Ақтоғай және Осакаров аудандарының әкімдері алдағы қысқа дайындық жайында баяндама жасап, қазіргі таңда жылумен жабдықтау нысандарында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, жабдықтар жаңартылып, көмір сатып алынғанын және отын қоры жинақталып жатқанын хабарлады.
Облыс әкімі жылыту маусымына дайындық – стратегиялық маңызы бар міндет екенін атап өтті. Бұл бағытта барлық шаралар жүйелі және нақты жоспармен жүргізілуі тиіс.
– Жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау қажет. Ауа-райы суыта бастағанға дейін барлық әлеуметтік нысандар толық дайын болуы тиіс. Қажетті отын қоры алдын ала жасақталып, жаңа қазандықтарды қосу үшін резервтік схемалар әзірленуі қажет. Бұл – жылумен жабдықтауда үзіліс болдырмаудың басты шарты, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Аймақ басшысы сонымен қатар, кестеден қалып жатқан нысандардағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ, барлық деңгейдегі үйлесімді жұмыс – жергілікті атқарушы органдардан бастап жылу жеткізуші кәсіпорындарға дейін – дайындық сапасының маңызды көрсеткіші екенін еске салды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
ortalyq.kz