Аймақта жыл басынан бері 445 келі есірткі тәркіленген
Аймақта жыл басынан бері 332 есірткі қылмысы анықталып, 445 келі есірткі тәркіленген. Одан бөлек, екі жерасты фотолабораториясы жойылды. Есірткі бизнесімен айналысқандардың жұмысын тоқтатып, 16 күдікті ұсталған. Олардың жылдық қаржы көлемі 2,5 млрд. теңгеден асып кеткен. Осы мәселе бойынша облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен аймақ аралық штабтың отырысы өтті. Онда есірткіге қарсы атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды.
Облыстық полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы Жасқайрат Қайыров аймақтағы полицейлер тиісті жұмыстар жүргізіп, акциялар ұйымдастырып жатқандығын баса айтты.
– Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск және Балқаш қалаларында еріктілер мен қоғамдық ұйымдардың қолдауымен «СТОП-граффити» ұранымен ауқымды акциялар өткізілді. Биылғы жылдың 16 қазанына дейін 410 рейд жүргізіліп, 11 902 наркограффити боялды, – деді.
Мамандар заманауи технологиялар дәуірінде қылмыскерлер есірткіні тарату үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді көп пайдаланатынын айтады. Осының өзінде облыстық полиция департаментінің өкілдері есірткіні жарнамалайтын 177 сайт пен парақшаны бұғатаған. Әрі есірткі қылмысының жолын кесуден бөлек, есірткіден емдеу және алдын алу мәселесін де шешуге баса назар аударып, тиімді жолдарын қарастыруда. Сәйкесінше, жақында облыстық психикалық денсаулық орталығында газды хроматограф құрылғысы пайдалануға берілмек. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова осы құрылғының көмегімен адам ағзасынан 100-ден астам есірткі түрін анықтауға болатынын айтты.
Ал, аймақ басшысы өз сөзінде есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстарды жоғары оқу орындарында, колледждер мен мектептерде қолжетімді формада жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, ата-аналарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді баса айтты.
– Полиция қызметкерлері қала және аудан әкімдерімен бірге үнемі аулаларды аралап, есірткіні жарнамалайтын орындарды алдын ала анықтауы қажет. Денсаулық сақтау басқармасы мектеп оқушылары мен студенттер арасында үнемі скрининг ұйымдастыруы тиіс. Облыстық диспансер жанынан анонимді кеңес беретін консультациялық орталық ашу қажет. Аймақта есірткіге қарсы күрестің негізгі мақсаты – қоғамды есірткіге тәуелділікпен күресуге шақыратын қоғамдық қозғалыс құру керек. Өңіріміз есірткіден таза аймаққа айналуы тиіс, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz