Аймақта жолдар жаңарып, көлік қатынасы жақсарып келеді
Қараша келгелі күн райы қытымыр салқынға ұрынғанымен, бет қарырлық суық келе қоймаған. Жер қыртысы толық ақкүбек қарға оранбаған. Мұндай шақта жергілікті билік тарабы да қысқа қамдана отырып, жол мәселесін қағаберіс тастаған емес. Дәп осы орайда біз де қағаздың сырлысын, қаламның қырлысын қолға алып, Арқадағы тарам-тарам жолдар мен жалпылай көлік қатынасының ахуалын анығырақ аңғарып бермекке бекіндік.

Сапар қауіпсіз, жол айқын
Жыл он екі ай қыдырыссыз болмай, кідіріссіз қалмаған пойыздың адуынды үні қала көшесінен құлаққа жиі естіліп қалады. Әуе жолы да әуелгідей таптаурын емес. Кеңіген. Орталық облыстың көлік қаңқасы біртіндеп жаңарып, шалғай ауылға қатынау жеңілдеген. Әйтеуір, қаланың қақ ортасында да, жапан түздегі жол торабында да заман талабына сай қарекет жүріп жатыр. Көзімізді жеткізе түсіп, сөзімізді дәйектелік.
– Биыл да облыста көлік инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында ауқымды бағдарлама іске асырылуда. Жетелі жұмыстар автомобиль жолдарын, теміржол қатынасы мен азаматтық авиацияны қамтиды. Әсіресе, шалғай елдімекендердің көлік қолжетімділігін арттыруға баса назар аударылған, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Аян Шағдат.
Спикердің мәліметінше, алдымен облысішілік бағыттық желіні дамыту аясында жаңа автобус қатынастары ашылған. Атап айтқанда, «Қарағанды-Балқаш» бағытындағы жаңа маршруты сәтімен іске асқан. Бектауата мен көкше көлді көзімен көріп қайтқысы келетін жөнекей жан мен турист үшін аталған бағыт «іздегенге сұрағанның» нақ өзіндей. Бұдан бөлек, шалғайдағы ауылдар тұрғындары үшін қатынасты жақсарту жолында «Қарағанды-Ақадыр», «Қарағанды-Қарқаралы» сынды маңызы кемімес ауданаралық маршруттар қайта жандандырылды. Індетіп келгенде, тап осындай 40-тан астам бағытты толығымен қамтитын желісіне жан бітірмек ниеттегі амалдар жалғасу үстінде.
Қуаныш ұялатқан жайлар
Автомобиль жолдарына зер салсақ, ауқымды жөндеу мен қайта құру жұмыстары кідіріссіз. «Саран-Шахтинск» автожолының күрделі жөндеуі жалғасып, оның 12 шақырымдық учаскесіне асфальтбетонның үш қабаты төселді.
Теміртаудан Ғ.Мұстафин кентіне дейінгі жолдағы Нұра өзені арқылы өтетін көпірді қайта құру жұмыстарының аяқталуы маңызды оқиға болғаны жергілікті жұрттың алғаусыз алғысымен марапатталғандай әсер қалдырды. Иә, алғыс алыс кетпесе керек. Түп нәтижесінде ондағы жұрт үшін жол үш есе қысқарған. Бейнеті бәсеңсіп, зейнеті артқан. Облыстық маңызы бар 60 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол төсемінің беріктігін арттыру үшін барлық учаскелерде асфальт жабыны не көп қабатты, құрығында қосқабатты етіп төселіп жатқан көрінеді.
– «Сары-Арқа» әуежайына баратын жолды қасат қар баспасын деп, жаңа үлгідегі композиттік қар тоқтататын қоршаулар орнатылды. Жолдың жөндемді қалыпта ұзақ сақталуын бақылау үшін «Саран-Шахтинск» тасжолында қозғалыстағы салмақты автоматтандырылған өлшеу жүйесі де енгізілді. Смарт жүйе артық жүк тасымалдау жайттарын дәл анықтап, автоматты түрде айыппұл салады. Келесі жылы болса, «Шахтинск-Долинка» сияқты маңызды учаскелерде жол жабынын оңдау жұмыстарын жалғастыру, әрі бұрыннан шағымы көп түскен «Шахтер-Егінді» сынды жол бағыттарына сметалық құжат әзірлеп, қаражат қарастыру мәселесімен жете айналысатын боламыз, – деп нақтылады облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мерген Мұқышев.
Теміржол көлігі саласында да салуалы сегіз әлеуметтік маңызы бар бағыт бойынша жолаушылар тасымалы ұйымдастырылды. Бағаналы Балқаш өңірінің туристік әлеуетін түлету үшін жаз айларында «Қарағанды-Балқаш» бағытында қосымша пойыз қатынай бастады. Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында аймақта 14 нысан, соның ішінде, 11 сапаржай мен қосымша үш платформа қайта құрылып жатыр. Бұл жол іздеген жолаушы қауымы үшін мейлінше қолайлы жағдай жаратпаққа мүлтіксіз мүмкіндік деген көзқарас қалыптастырады.
Азаматтық авиацияда да ірі өзгерістер орын алуда. Қарағандыдағы «Сары-Арқа» әуежайы мультимодальді хабқа айналдырылып, оның аумағында «Сарыарқа» арнайы эканомикалық аймағының қосалқы аумағы қылаңытты. Аты әйгі әуежайға дейінгі теміржол тармағының жобасы жасалып жатыр. Балқаш шаһарының әуежайында да инфрақұрылымды жаңғырту жобасы іске асырылуда. Мәселен, рульдеу жолы мен перронды қайта құру аяқталып, әуе порты ғимаратын қайта құру амалдары оң қарқынмен жалғасқан. Шеңберлі шаралар көлік инфрақұрылымының қарымын арттырып, заманауи жағдайлар жаратуға, «Балқаш-Алматы» және «Балқаш-Астана» атты субсидияланатын рейстерін ұйымдастыру арқылы ұшу жағрапиясын кеңейту мәселесін пысықтауға дем-күш болмақ.
Сандық формат серпіні
Цифрландыру демекші, «Ақылды бағдаршамдар» және құрылыс құжаттамасын сандық форматқа ойыстыруға арналған «Е-Құрылыс» қанатқақты жобасы сияқты теңдессіз технологияларды енгізу өңірдегі өмір сапасын арттыруға, логистиканы жақсартуға әрмен қарай көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сеп.
«Қарқаралы-Егіндібұлақ» жолының жай-күйіне қатысты шағымдар ескеріліп, оның жөнделіп, қызмет сапасы да келесі жылы «Қазавтожол» тарапынан бақылауға алынып, жүзеге асырылуы тиіс. Қоғамдық көлікке келетін болсақ, қала маңындағы маршруттарды қамтамасыз ететін автобустардың 97 пайызы толығымен жан-жақты жарақталып, жабдықталған. Не дегенімізбен, қызмет көрсету сапасына қатысты мәселелер, соның ішінде, түнгі уақыттағы қозғалысқа қатысты шағымдар туындап, олар заң аясында қарастырылуда, – дейді жол саласының кәнігі өкілдері. Жолақы билетін ресімдеудің автоматтандырылған бағдарламаларының пайда болуы әрі кондукторсыз жүйеге көшу арқылы сапа деңгейіне қатысты шағымдар саны айтарлықтай азайғаны әмбеге аян.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстағы жол жүйесінің жандануы ерекше қарқын алып отыр. Байыпты бағдарлама тек жергілікті тұрғындардың қатынау мәселесін ғана емес, сонымен бірге, ауыл шаруашылығы өнімдерін нарыққа шығару, мектепке дейінгі мекемелер мен денсаулық сақтау орындары жол қысқартуға септесті. Ауылішілік жолдарды сапалы ету нәтижесінде біразға дейін оқушылар мектепке, науқастар дәрігерге жеңіл жете бастады. Ал, фермерлер өнімдерін уақытылы тасып, экономикалық кірістерін арттыру мүмкіндігіне ие болды. Жетелі жоба әсілінде инфрақұрылымды жақсарту емес, елдімекендердің тыныс-тіршілігін жандандыру, болашағын бекемдеудегі маңызды кезең болып қалмақ.
Қазықбау
Бажайласақ, қазірде аяқтағы жолдың торапты жерінде уақыт төренің нақ өзі тоғысады. Қарашаны аласартып, желтоқсанға жеңдіріп келеміз. Арқа алабындағы жол үстінде тыным жоқ. Әлдекім ауылға зырғып барады, әлдебіреу қалаға асығады. Күні кеше ойдым-ойдым жерлерге күрсініс артқан жұрт бүгін болса, көпқабатты асфальттың жотасына сенім артып, жолдың өзі алға жетелейтіндей жеңіл тыныстайды. Жаңғырығы алысқа кететін пойыз да, көкке қалықтаған ұшақ та, қатпар-қатпар көлік те ел мен елдің, жер мен жердің арасын жалғауға асығатындай. Қашықтық қысқарып, көңіл кеңейді. Әудемжері әлует шақырып, сапар картасы қайта сызылғандай болса, жол басындағы қарапайым тұрғыннан бастап, шалғай ауылдағы қарияға дейінгі барша халықтың ортақ тілегінің орындалып келгені дейікші бір сөзбен. Ұзын сөздің қысқасы, сүрлеуіңіз сенімді болса, өмір жолында да дегбіріңіздің қашпасы айдан анық.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



