АймақҚарағанды

Аймақта «Жер-2025» оқу-жаттығуына дайындық басталды

Қарағанды облысында республикалық «Жер-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында құтқару бөлімшелерінің дайындығы тексерілуде. Арнайы техника әуе және теміржол көлігіне тиеліп, жолға шығарылады.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлардың салдарын жою басқармасының бастығы Нұржан Жәкетаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Жер-2025» оқу-жаттығуы 23–24 шілде күндері Қазақстанның барлық өңірінде ұйымдастырылады. Мақсаты – сейсмикалық қауіпті аймақтарда жойқын жер сілкінісінің салдарын жою бойынша азаматтық қорғаныс жүйесінің басқару органдары мен күш-құралдарының дайындық деңгейін пысықтау. Басқару штабы Шымкент қаласында орналасады. Ал Қарағанды облысында оқу-жаттығу шеңберінде құтқару күштері мен техниканы жөнелту, эвакуацияланған халықты қабылдау, сондай-ақ тіршілікпен қамтамасыз ету инфрақұрылымын орналастыру шараларының үлгілік түрлері іске асырылады.

– Облыс аумағында жойқын жер сілкінісіне әрекет етуге бағытталған 30-дан астам тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өткізу жоспарланған. 23 шілдеде ТЖ департаменті келесі іс-шараларды өткізеді: «Сары-Арқа» халықаралық әуежайында – құтқару бөлімшелерінің дайындығын тексеру және әуе көлігіне тиеу бойынша жаттығу; Спасск тас жолы бойында – автокөлік колоннасының құрамында аттанатын бөлімшелердің саптық байқауы; Қарағанды-Пассажирская теміржол станциясында – инженерлік техника мен бөлімшелердің теміржол платформасына тиеу жаттығуы өтеді, – деді Нұржан Жәкетаев.

Оның айтуынша, Саран қаласында төтенше жағдай аймағынан эвакуацияланған зардап шеккендерді қабылдау және орналастыруды пысықтау үшін шатырлы лагерь тігіледі.

Мұндай тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар облыстың басқа қала және аудандарында да өткізіледі.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button