Жаңалықтар

Аймақта – жаңа басқармалар

Облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжановтың төрағалығымен өткен кезектен тыс ХХІІІ сессияда халық қалаулылары облысты басқарудың жаңа схемасын мақұлдады. Оған сәйкес облыста бұдан былай 24 емес, 23 бюджеттік бағдарламалар әкімшісі болады. Бұл қатарда жаңадан құрылған туризм басқармасы да бар.

Жалпы, облыс әкімдері жергілікті атқарушы органдардың құрылымын жылына бір рет өзгертуге құқылы. Бұл шешім жергілікті басқаруды тиімді ету және әкімдерге қажетті өзгерістерді енгізу үшін басқару құрылымдарын жаңарту мүмкіндігін беру мақсатында қабылданған. Әкімдер осы құқықты қолдана отырып, жергілікті атқарушы органдардың құрылымын оңтайландыру, олардың жұмысын жетілдіру және әкімшілік шығындарды азайту үшін өзгерістер енгізуі мүмкін. Бұл шара жергілікті деңгейдегі басқару процестерінің тиімділігін арттыруды көздейді.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Ғалиевтың айтуынша, өңірді басқарудың қолданыстағы схемасына өзгерістер енгізу шығыстарды оңтайландыруды, бейінді емес функцияларды қысқартуды және бюджет қаражатын үнемдеуді көздейді.

– Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, жер қатынастары басқармасын ауыл шаруашылығы басқармасына қосу арқылы Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы құрылады. Сондай-ақ, облыстың қаржы басқармасына мемлекеттік сатып алу басқармасын қосу арқылы қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы пайда болады. Оның міндетіне бюджеттің атқарылуы мен мемлекеттік сатып алуды басқару функциялары кіреді. Сондай-ақ, облыстың өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасына кәсіпкерлік басқармасын қосу арқылы облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы құрылады, – дейді Ерлан Ғалиев.

Одан бөлек, экономика басқармасына қаржы басқармасының бюджеттік жоспарлау бөлігіндегі функциялары беріледі, нәтижесінде экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы құрылады. Сонымен қатар, сыртқы байланыстар функциясы берілетін бір жаңа басқарма – туризм басқармасы қалыптасады.

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қаулысымен облыс әкімдеріне жылына бір рет жергілікті атқарушы органдардың құрылымын өзгерту құқығы берілген. Осы құқықты пайдалана отырып, облыс әкімі бірқатар басқармаларды қайта құруды ұсынды. Бұл өзгерістер жергілікті мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру үшін енгізілуде, – деді Нұркен Кобжанов.

Облысты басқарудың жаңа схемасын облыстық мәслихат депутаттары бірауыздан мақұлдады.
Бұған қоса, депутаттық корпус Қарағанды мен Сарандағы бағалау аймақтарының шекараларын және жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларына түзету коэффициенттерін бекітті.

Сонымен қатар, сессия шешімімен облыс әкімі жанындағы жер комиссиясы, құқық бұзушылықтардың алдын алу комиссиясы, нашақорлыққа, есірткі бизнесіне, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия сияқты консультативтік-кеңесші органдардың құрамы мақұлданды. Одан бөлек, кәсіпкерлік және өнеркәсіп жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің және тағы басқаларының құрамы келісілді.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button