АймақБас тақырыпҚарағанды

Аймақта жұмыссыздық деңгейі төмендеді

Қарағанды облысында жұмыссыздар саны азайды. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 4 пайызға дейін төмендеді. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2 %-ға аз. Бұл туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтар аппараттық кеңесте мәлімдеді.

Суреттер облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Жыл басынан бері 23 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Олардың ішінде шамамен 19 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты, соның 7,5 мыңға жуығы – жастар.

– Биылғы жоспарымыз – 48 мың адамды жұмыспен қамту, – деп атап өтті Төлеу Мұхтар.

Өңірде «Алтын жас», «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс орны» және өзге де жобалар іске асуда. Мысалы, «Алтын жас» жобасы аясында жоспардағы 400 зейнеткердің орнына 530 адам жұмысқа орналасты. Мұндай қызметкерлердің жалақысының 50 пайызына дейін мемлекет өтейді, бірақ сома 85 мың теңгеден аспайды.

Басқарма басшысының айтуынша, облыс тұрғындары кәсіпкерлікпен айналысуға белсенді кірісе бастады. «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 1,1 мыңнан астам адам білім алды. 143 миллион теңгеден астам сомаға 91 грант берілді. Екінші кезең тамыз айында өтеді. Гранттар әлеуметтік осал топтарға да берілмек – 134 азамат өз ісін ашуға немесе қолданыстағы бизнесін кеңейтуге мүмкіндік алады.

Жыл басынан бері 857 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналастырылды. Олар үшін толық жабдықталған 14 арнайы жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ жаз айларында 1329 студент пен жоғары сынып оқушысы уақытша жұмыспен қамтылды.

Өңірде кәсіби бағдар беретін «Мансап компасы» сервисі іске қосылды. Ал әлеуметтік осал топтарға арналған «Jumys Tap» жобасы шеңберінде оқыту және кеңес беру ұйымдастырылуда. Сонымен қатар бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, қысқа мерзімді курстар және онлайн-оқыту жүргізілуде. 490 адам қысқа мерзімді курстардан өтсе, тағы 2,5 мың адам SkillsEnbek платформасында білім алды.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс орындарын құру аймақ дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

– Әр қала мен ауданда жоспардың толық орындалуы маңызды. Бұл мәселе тұрақты бақылауда болады, – деді ол.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button