Бас тақырыпБасты тақырыпБілім

Аймақтағы оқу орындарында жасанды интеллектті оқыту белсенді жүзеге асуда

Сәт сайын құбылып жатқан жаһандық үдерістер еліміздегі мамандардың бәсекеге қабілетті болуын талап етеді. Осы орайда университеттер жаңа заманға сай мамандар дайындауға кірісті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның инженерлері, зерттеушілері және кәсіпкерлері бүкіл әлемнің қажетіне жарайтын озық технологияларды ойлап табуға қабілетті
болуы керек» деген болатын. Бүгінде еліміздегі барлық жоғары оқу орындарында «AI-Sana» бағдарламасы қолға алынып, студенттердің жасанды интеллект саласындағы дағдыларын дамытуға әрі өмірде қолдана білуге үйретуде. Бірегей бастама ұлттық экономиканың әлеуетін арттырып, технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталды. Бүгінде 440 мыңнан астам студент бағдарлама бойынша арнайы сертификатқа ие болды. Ал өңірдегі университеттердің жасанды интеллектіні үйретудегі жай-күйі қалай? Саралап көрелік.

Сурет er10.kz

«AI-Sana» қандай жоба?

Күні кеше өткен Жасанды интеллектінің дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы еліміздің алдында тұрған басты мақсат – отандық технологияны жан-жақты дамыту және мықты IT мамандарын даярлау екеніне мән беріп, білім беру саласындағы негізгі басымдықтарға тоқталды. Жаңа заманға сай мамандар даярлаудың маңызын айтты.

– Жыл басында елімізде «AISana» бағдарламасы іске қосылды. Осы жоба аясында 440 мыңнан астам студент жасанды интеллект саласы бойынша арнайы сертифи катқа ие болды. Мұндай бағдарламалардың пайдасы мол, себебі дәл осындай алаңдарда ең үздік жоба лар өз алдына стартап ретінде қалыптасып, халықаралық нарыққа шыға бастайды. Алайда біз әлемдік нарықта жасанды интеллект мамандарына деген сұраныстың өте жоғары екенін ұмытпауымыз керек және алдағы уақытта бұл сұраныс тек өсе бермек. Мұндай жағдайда, тіпті, білім беру жүйесінің мүмкіндігі де шектеулі болары анық. Сол себепті қазіргі озық технология дәуірінде әр маман иесі өзінің негізгі кәсібімен қатар, цифрлық дағдыларды жетік меңгеріп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жұмыс барысында қолдана білгені жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Білім беру жүйесіне қарқынды түрде енгізіліп жатқан жасанды интеллектті оқыту жекелеген университеттерде жүзеге асуда. «AI-Sana» жобасы осы жүйенің алғышарты іспеттес. Бағдарлама негізінде студенттер бірнеше кезеңнен тұратын оқу үдерісінен өтіп, алгоритмдер
мен машиналық оқыту негіздерін игерді. Жеке жобаларын әзірлеп, тәжірибеде сынайды.  Негізінен аталған бағдарлама жасанды интеллект арқылы студенттердің кәсіпкерлік қабілетін дамытуды көздейді. Яғни, олар белгілі бір саланың маманы болуымен қатар, сол салада алгоритмдердің көмегімен өнімділікті арттыруды үйренеді.

«AI-Sana» жобасы – дарынды жастарды жаңа білім мен кәсіпкерлікке жетелейтін, елді инновациялық даму жолына бастайтын негізгі қозғаушы күш. Мамандардың айтуынша, бұл бастама еліміздегі дәстүрлі білім жүйесіне өзгеріс енгізіп, ғылыми зерттеу бағытындағы университеттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Оқу орындары халықаралық тәжірибеге сай жаңа форматқа көшіп, елдің зияткерлік әлеуетін көтеріп қана қоймай, әлемдік технологиялық жарыста алдыңғы қатардан көрінуге жағдай жасайды.

Қарағанды техникалық университеті: өңірлік ЖИ орталығы

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті – еліміздегі өнеркәсіп саласының мамандарын дайындайтын жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі. Университетте жасанды интеллектіні енгізу жұмысы қарқынды. Жаңа буын инженер-зерттеуші мамандарын даярлауда заман талабына сай жаңа бағдарламалар ашылып, ЖИ агенттері әзірленіп жатыр. Мұның бәрі негізінен
«AI-Sana» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Осы бағдарламаға сай Қарағанды техникалық университеті министрлік тарапынан «Зәкірлік» жоғары оқу орны ретінде таңдалып, бекітілген.

– Министрлік бекіткен бағдарламаның өңірлік өкілі ретінде біздің университет тек Қарағанды аймағын ғана емес, көршілес облыстарды да қамти алады. Әр өңірлердегі «Зәкірлік» жоғары оқу орындары жасанды интеллект саласын дамытуға басымдық беріп, маман даярлау орталығы болмақ. Сондай-ақ, студенттердің стартап-бастамаларын үйлестіріп, инновациялық жобалар мен жасанды интеллект саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға үлесін қосады, – деді университеттің стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі проректоры Тимур Канапьянов.

Бүгінгі таңда «AI-Sana» инновациялық бағдарламасының негізгі кезеңінде университеттің барлық білім алушылары, яғни, 6497 адам Huawei платформасында жасанды интеллекттің базалық курстарынан өткен. Әсіресе, Машина жасау факультетінің студенттері белсенділігі байқалған. Сонымен қоса, «AI-Sana» бағдарламасы негізінде тау-кен өндіру, энергетика, жылу желілері, сандық егіздер (цифровый двойник) бағыттары бойынша жобалар енгізілген. Университетте аталған бағдарлама аясында 5 бірдей жасанды интеллект агенті әзірленуде. ЖИ агенті ақпаратты өзі өңдеп, шешім қабылдап, адамның қатысуынсыз тапсырмаларды өзі орындайды.
Проректор Тимур Ерболатұлының айтуынша, студенттердің бұл саладағы жетістіктері айқын көріне бастаған. Айталық, нәтижелі зерттеулерінің арқасында биылғы түлек А.Юрышев тері қатерлі ісігін сегментациялау жүйелерін әзірлеумен айналысатын астаналық компанияға Data Scientist лауазымына жұмысқа орналасты. Бұл – қазіргі уақытта деректерді талдаумен айналысатын таптырмайтын ІТ мамандардың бірі. Сонымен қоса, білім алушылар ұшқышсыз ұшу аппаратының нейрожелілік моделін оқыту бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуде. Осылайша олар жасанды интеллект саласындағы жаңа инновациялық стартаптарды ұсынуда.

Бөкетов университеті: кадрлық әлеуетін нығайтуда

Ал Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінде биыл «AI-SANA» инновациялық бағдарламасы аясында білім алушылар үшін Huawei платформасында базалық курс ұйымдастырылған. Нәтижесінде, бүгінгі күнге дейін 13 577 білім алушы жасанды интеллекттің базалық курсынан өтіп, сертификатқа ие болды. Университет ЖИ-курстарын оқыту бойынша Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары арасында ең жоғары нәтиже көрсетті. Сонымен қоса, 2026 жылға дейін 5 ЖИ агентін әзірлеу жоспарланған. Университетте 2 стартап-жоба әзірленуде.

– AIGuide-KBU – интеллектуалды ЖИ-көмекшісін жасауға бағытталған бұл жоба университет ортасы үшін бірыңғай ақпараттық құрылғы ретінде қызмет атқарады. Яғни, университет студенттеріне, оқытушыларына және қызметкерлеріне нақты, дербес және қолжетімді ақпарат ұсынуға мүмкіндік береді. Ал екіншісі FinSight-AI деп аталады. Бұл жеке қаржыны басқаруға көмектесетін жасанды интеллект негізіндегі көмекші. Ол күрделі қаржылық терминдерді қарапайым тілмен түсіндіреді, жеке бюджет пен жинақтарға қатысты ұсыныстар береді, қауіп-қатерлер туралы ескертеді, сұрақтарға ыңғайлы диалог форматында жауап беріп, қаржылық сауаттылық негіздеріне үйретеді, – деді университеттің академиялық жұмыс департаментінің директоры Тоғжан Хасенова.

Қарағанды индустриалдық университеті: ЖИ-дегі жетістік

Қарағанды индустриалдық университетінде де айтарлықтай өзгеріс байқалады. «AI-Sana» бағдарламасы негізінде ҚарИУ-дің 2020 студенті Huawei Academy және Coursera халықаралық білім беру платформаларында онлайн-курстардан өтіп, машиналық оқытудың негіздерін, деректерді талдауды, жасанды интеллектке арналған Python тілін және нейрожелілік технологияларды меңгерген.
«AI-Sana» бағдарламасы ЖИ-ді үйретуге ғана емес, өмірде қолдана білуге зер салады. Қарағанды индустриалдық университетінің студенттері бұл салада жаңа жобалар жасап, ерекше жетістікке қол жеткізуде. Мәселен, «SAP BTP Exploration Workshop: Nomad HackFest» хакатонында жеңіске жеткен. Олардың жобасы – ЖИ арқылы кадрларды автоматты түрде іріктейтін жүйе. Ол HeadHunter платформасындағы түйіндемелерді талдап, лайықты мамандарды табуға дереу көмектеседі. Бұл – университетте алған білімді өмірде қолдана алуымен байланысты дүние.
Биыл өткен стартап-жобалар байқауында студенттер оқушылардың ҰБТ-ға дайындалуына арналған интеллектуалды көмекші құрал AI-Smart ENT жобасын ұсынған екен. Қазіргі таңда жоба жетілдіріліп жатыр.
«AI-Sana» – жаңа жоба. Сондықтан, оның алғашқы сатысында студенттер мен оқытушыларға жасанды интеллект жайлы түсінік қалыптастыру, яғни базалық курстан өткізу көзделді. Бұл жоба озық технологиялармен жұмыс жасай алатын жаңа буын мамандарын даярлап, соның негізінде жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік береді әрі елдің зияткерлік әлеуетін көтеруді мақсат етеді. Ал, нәтижесі уақыт еншісінде.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button