Аймақтағы өнеркәсіп кәсіпорындарының еңбек ұжымдары Конституция жобасын қолдады
Қарағанды облысындағы ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының ұжымдары Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын қолдады. Металлургия, көмір саласы және қайта өңдеу өндірістерінің қызметкерлері ұсынылып отырған өзгерістердің еңбек адамының құқықтарын қорғау мен экономиканың орнықты дамуы үшін маңызын атап өтуде.


Qarmet компаниясының отыз бес мыңдық ұжымы Негізгі заңды жаңарту адамдар үшін түсінікті әрі маңызды қағидаттарды – адамның басымдығын, оның қадір-қасиетіне құрметті, еңбек ету құқығын және кәсіби өсу мүмкіндіктерін – бекітеді деп санайды. Кәсіпорында айқын әрі тең қағидалардың тек азаматтар үшін ғана емес, өнеркәсіптің тұрақты жұмыс істеуі үшін де маңызды екені айтылды.
– Жаңа Конституция – ел болашағының берік іргетасы. Оның негізінде әділеттілік, заңдылық және адамға құрмет қағидаттары жатыр. Еңбек адамдары үшін мемлекет баршаға түсінікті әрі тең ережелерді қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын қорғап, даму үшін жағдай жасауы аса маңызды. Дәл осындай қағидаттар негізінде қуатты, орнықты және әділетті мемлекет құрылады, – деді директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев.

Жобаны «Шұбаркөл көмір» АҚ қызметкерлері де қолдады. Елдегі энергетикалық көмірдің ірі өндірушілері саналатын бұл ұжымда құжатта адамның өмірі, қадір-қасиеті және еңбегін қорғау басымдығының бекітілуі өнеркәсіп секторы қызметкерлері үшін қағидатты мәнге ие екені атап өтілді.
– Бүгін ел жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде маңызды шешім алдында тұр. Еңбек ұжымы үшін бұл жай ғана заңдық құжат емес – бұл өмір мен дамудың, құқықтар мен бостандықтардың кепілі. Конституцияда адам, оның өмірі мен қадір-қасиеті мемлекеттің ең жоғары құндылығы екені бекітілген. Бұл еңбектің қауіпсіздігі — формалдылық емес, міндет екенін; қызметкер құқығын қорғау – өтініш емес, заң екенін білдіреді, – деді ERG көмір дивизионының бас операциялық директоры, Шұбаркөл көмір АҚ өкілі Сергей Ким.
Қарағанды ферроқорытпа зауыты Asia FerroAlloys акционерлері мен ұжымы да өз ұстанымдарын білдірді. Кәсіпорында өнеркәсіп секторы үшін әлеуметтік тұрақтылық пен қауіпсіз еңбек жағдайларына қатысты нормалардың айрықша маңызды екені атап өтілді. Олардың пікірінше, Негізгі заңды жаңарту еңбек адамына арналған кепілдіктер жүйесін анағұрлым түсінікті әрі нақты етеді.

Жаңа Конституция жобасын қолдайтынын MAKER KLMZ ЖШС қызметкерлері де мәлімдеді.
– Бүгін әрбір азаматтың белсенді азаматтық ұстаным танытуы маңызды. Референдум – ел болашағына өз үлесін қосуға, тұрақтылық пен прогресті қолдауға мүмкіндік, – деп санайды кәсіпорын ұжымы.
Өнеркәсіп секторының қызметкерлері референдумға қатысатынын атап өтті, өйткені бұл – олардың азаматтық парызы әрі ел болашағына ықпал ету мүмкіндігі.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі



