Бас тақырыпБасты тақырып

Аймақтағы кәсіпкерлер Президент тапсырмасы аясында қолдау алып, өндірістерін кеңейтуде

Президент тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан мемлекеттік қолдау құралдары Қарағанды облысында нақты нәтижелерін беруде. «Даму» Қорының Қарағанды облыстық филиалы ұйымдастырған баспасөз туры аясында журналистер шағын және орта бизнеске көрсетіліп жатқан көмектің тиімділігіне көз жеткізді. Олар қолдауға ие болған үш табысты кәсіпорынның жұмысымен танысты.

Суреттер автордан    

Алғашқы нысан — «Sigma Corporation» ЖШС. Компания кабель муфталарын өндіреді және Қазақстандағы бұл бағыттағы бірегей кәсіпорын. 2023 жылы Қор тарапынан пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау арқылы айналым қаражатын толықтыруға қолдау көрсетілген. Бүгінде кәсіпорын өңірлік қана емес, республикалық нарыққа сапалы әрі қауіпсіз өнім ұсынуда.

Ал, «Котлы KZ» ЖШС – «Горняк» автоматты қазандықтарымен елімізге кеңінен танымал. 150-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған отандық бренд өндірісін ұлғайту үшін 2023 жылы «Даму» Қоры арқылы субсидияланған несиеге қол жеткізген. Әке мен ұлдың бірігіп құрған бизнесі бүгінде қанатын кеңге жайып, шет елдерге де экспортқа шығуда.

Үшінші кәсіпорын – «WEC Trade» ЖШС, экологиялық тұрмыстық химия өндіретін отандық компания. 2025 жылы олар «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында қаржыландыруға ие алып, Қордан кепілдік қолдауына да қол жеткізді. Бұл өндірісті кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ТМД елдеріне экспортқа шығуға мүмкіндік берді.


Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Даму» Қоры кәсіпкерлерге қолдау көрсету тәсілдерін жаңғыртып, нарық талаптарына бейімделген жаңа механизмдерді іске қосуда.

Атап айтқанда, «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы, кепілдік беру құралдарының жетілдірілуі және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау сынды шаралар бизнестің дамуын тежейтін басты кедергілерді жоюға бағытталған. Бұл бастамалар кәсіпкерлер үшін қаражатқа қолжетімділікті арттырып, жаңа жобаларды жылдам іске қосуға жол ашты.


Баспасөз туры барысында журналистер өндірістік үдерістермен танысып, кәсіпкерлермен еркін форматта сұхбаттасты. Олар мемлекеттік қолдаудың нақты пайдасын, жұмыс орындарының ашылуы мен өндіріс көлемінің артуы секілді оң өзгерістерді өз көздерімен көрді.

Осындай ашық алаңдар бизнестің проблемаларын дер кезінде анықтап, тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.

Бұл туралы толық репортажды «Орталық Қазақстан» газетінің алдағы сандарынан оқи аласыздар.

Жәлел ШАЛҚАР

“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button