Аймақта «Таза су айдындары» акциясы өтті
Бүгін Теміртау қаласындағы Самарқан су қоймасында және Бұқар жырау ауданында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында табиғат қорғауға бағытталған «Таза су айдындары» акциясы өтті. Іс-шараны Нұра-Сарысу аймақаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы мен «Волков В.А.» ЖК балық шаруашылығы субъектісі ұйымдастырды. Акцияға Қарағанды облысының табиғи ресурстар басқармасы мен экологияға бейжай қарамайтын белсенді азаматтар қолдау көрсетті.

Акцияның балық қоры мен олардың табиғи мекендеу ортасын сақтау, су айдындарының экологиялық жай-күйін жақсарту және табиғи көбеюге жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шара барысында су айдындарынан иесіз қалған балық аулау торлары жиналып, су қоймасының жағалауы қатты тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстан тазартылды.
– «Таза жағалау» акциясы – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы маңызды бастамалардың бірі. Бұл еліміздің су ресурстарын сақтауға мүмкіндік беріп, экологияны қорғау бағытында нақты іс-шаралар жүргізудің жарқын үлгісі. Экологияны қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев.
Акцияға Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясының мемлекеттік инспекторлары, балық шаруашылығы субъектілері, табиғи ресурстар басқармасының қызметкерлері, эко-белсенділер, еріктілер мен жергілікті тұрғындар белсене қатысты. Қатысушылар мұндай шаралардың экологияны жақсартудағы нақты үлесі мен жеке жауапкершілік туралы да өз пікірлерімен бөлісті.
Самарқан су қоймасындағы акция – бірқатар жоспарланған іс-шаралардың бастауы ғана. Осындай табиғатты қорғау акциялары Ботақара көлі, Көгілдір тоғандар, К. Сәтпаев атындағы арна, Федоров, Ынтымақ және Саран су қоймаларында да ұйымдастырылатын болады. Акция жұмыстары 30 мамырға дейін жалғасады, әр су айдынында өткізілетін шаралардың нақты күні қосымша хабарланатын болады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz