Аймақта тағы бір жедел жәрдем жүргізушісі соққыға жығылды
Қарағанды облысында тағы бір жедел жәрдем жүргізушісіне шабуыл жасалды. Бұл жолы оқиға Теміртау қаласында орын алды. Бүгін түнгі сағат 1.00-де 45 жастағы жедел жәрдем жүргізушісіне екі ер адам шабуыл жасаған. Жәбірленушінің айтуынша, олар ұрып-соғумен қатар, көлікті де қиратып кеткен.
Қарағанды облысының полиция департаменті оқиғаның бүгін түнде болғанын растады. Көлік қоңырау бойынша науқасқа келгенде жүргізушіге екі жігіт шабуыл жасаған.
– 26 ақпан, түнгі сағат 1.00-де Теміртауда көпқабатты үйдің ауласында белгісіз біреулер қоңырау бойынша науқасқа медицина қызметкерлерімен бірге келген 45 жастағы жедел жәрдем жүргізушісіне дене жарақатын салған. Нәтижесінде жәбірленуші медициналық көмекке жүгінген. Көп ұзамай полицейлер 25 және 29 жастағы екі күдіктіні ұстады, – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда жедел жәрдем жүргізушісіне шабуыл жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ