Аймақта Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтеді
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында мәдени және спорттық бағыттағы бірқатар іс-шаралар өтеді. Мерекелік бағдарлама аясында көрмелер, дәрістер, дөңгелек үстелдер, концерттер мен түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қарағанды қаласы
Облыс орталығында Тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралар желтоқсан айының басынан басталды. Атап айтқанда, мемлекеттік тілді меңгеру бойынша «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауы, «Тұғырың биік болсын, туған елім» көркемсөз оқу сайысы, сондай-ақ «Алаш» партиясының 108 жылдығына арналған «Алаштың аманаты – бүгінгі Тәуелсіздік» патриоттық әндер фестивалі өтті. Осыған ұқсас мазмұндағы шаралар облыстың өзге қалалары мен аудандарында да ұйымдастырылды.
Балқаш қаласы
16 желтоқсанда 2012–2013 жылдары туған жас спортшылар арасында дзюдодан ашық біріншілік пен футбол турнирі өтеді. Сонымен қатар кикбоксинг пен үстел теннисінен жарыстар ұйымдастырылады.
Шахтинск қаласы
16 желтоқсанда ДКГ-нің үлкен залында Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу тарихына арналған деректі және көркем фильмдер көрсетіліп, талқыланады.
Абай ауданы
Аудан аумағында жаңа тұрғын үйлерден пәтер кілттерін табыстау рәсімі өтеді. Сондай-ақ Көксу ауылында ауылдық дәрігерлік амбулаторияның ашылуы жоспарланған.
Ақтоғай ауданы
16 желтоқсанда «Ел ертеңі – Егемендік» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады.
Осакаров ауданы
16 желтоқсанда аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ерлер арасында волейболдан жарыс өтеді. Сонымен бірге жасөспірімдер арасында қазақ күресі, асық ату, дәстүрлі садақ ату, мини-футбол және гир спортынан сайыстар ұйымдастырылады.
Қарқаралы ауданы
16 желтоқсанда Қарқаралы қаласының мәдени-демалыс орталығында «Өнерлі өрендер» балалар шығармашылығы шеруі өтеді.
Ауданның ауылдық клубтарында келесі іс-шаралар жоспарланған:
– Көктас ауылында – «Тәуелсіздік – ең басты құндылық» театрландырылған қойылымы;
– Нұркен ауылында – «Тәуелсіз елім» мерекелік шарасы;
– Жанатоғам ауылында – «Тәуелсіз ел – бақытты ел» тақырыптық кеші;
– Талды ауылында – «Жасай бер, Тәуелсіз елім менің» мерекелік қойылымы.
Шет ауданы
16 желтоқсанда Ақсу-Аюлы ауылының мәдениет үйінде «Біз де ғашық болғанбыз» спектаклі сахналанады. Сонымен қатар желтоқсан оқиғаларының қатысушысы, ұстаз Серік Мәдиевтің рухына арналған ашық волейбол турнирі өтеді.
Бұқар жырау ауданы
16 желтоқсан күні:
– сағат 10:00-де Ғ. Мұстафин атындағы кенттің дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жасөспірімдер арасында бокстан турнир;
– сағат 11:00-де Тоғызқұдық ауылында қазақ күресінен аудандық жарыс ұйымдастырылады.
17 желтоқсанда сағат 10:00-де Доскей ауылында «Заңымыз берік – бірлігіміз» атты көркемөнерпаздар ұжымдарының есептік гала-концерті өтеді.
19 желтоқсанда сағат 18:00-де аудандық мәдениет үйінде «Сал серілер сазы» әдеби-музыкалық кеші ұйымдастырылады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



