Қарағанды облысында тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы қарқынды жүруде. Алайда құрылыс белсенділігімен қатар, заңнаманы бұзу деректері де жиілеп отыр. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 69 әкімшілік іс қозғалып, заңбұзушылықтардың басым бөлігі жобалық-сметалық құжаттамасыз, рұқсатсыз және авторлық қадағалаусыз жүргізілген құрылысқа қатысты болған.

Бұл туралы Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бөлімінің басшысы Маржан Жүкенова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, басқарманың бақылауында 70-тен астам көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы бар. Басымдық – заң талаптарын елемейтін құрылыс компанияларына беріліп отыр.
– Мәселен, Қарағанды қаласындағы Мұқанов көшесі, 50а мекенжайында салынып жатқан тұрғын үй кешенінде бірқатар заңбұзушылық анықталды. Құрылыс салушыға құқықбұзушылықтарды жою туралы талон-хабарлама берілді. Осыған ұқсас жағдай Саран қаласында да орын алды. Онда көпқабатты тұрғын үй рұқсат құжаттарынсыз салынып жатқан. Бұл нысан бойынша ресми нұсқама беріліп, құрылыс барысы бақылауға алынды, – деді Маржан Жүкенова.
Басқарма құрылысы тоқтап қалған немесе ұзаққа созылған нысандарды да жіті қадағалауда. Проблемалық нысандар қатарында «Британский комфортный квартал», «Новый город – 2» және «Новый город – 3» тұрғын үй кешендері аталды. Қазіргі уақытта «Британ кварталы» блок бойынша кезең-кезеңімен іске қосылса, «Новый город – 2» кешенінің құрылысы жандандырылып, оны жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Ал «Новый город – 3» бойынша жұмыс қаржылық себептерге байланысты тоқтап тұр. Сондай-ақ күрделі жағдай «Манхэттен» тұрғын үй кешенінде де тіркеліп отыр – мұнда үлескерлер мен құрылыс компаниясы арасындағы сот процестері жалғасуда.
2025 жылдан бастап құрылыс нысандарына қойылатын талаптар да күшейтілді. Енді пайдалануға берілетін үйлерде терезеден құлау жағдайларының алдын алуға арналған қауіпсіздік жүйелері болуы тиіс. Сонымен қатар барлық рұқсаттар, хабарламалар мен мемлекеттік қызметтер электронды форматқа көшірілді және eLicense.kz порталы арқылы рәсімделеді.
Бақылау тек нысандарға ғана емес, құрылыс саласындағы компаниялардың өзіне де жүргізілуде. Бұл туралы басқарманың лицензиялау және аттестаттау бөлімінің басшысы Тілек Елубай хабарлады.
– Биыл екі лицензия иесі лицензиясынан айырылды, тағы екі компанияның қызметі уақытша тоқтатылды. Бұл шешімдер құрылыс барысында өрескел заңбұзушылықтарға жол берілуіне, сондай-ақ білікті мамандар мен тиісті материалдық-техникалық базаның болмауына байланысты қабылданды, – деді Тілек Елубай.
Құрылыс нысандарына қатысты сауалдары бар тұрғындар Қарағанды облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының (8-7212) 21-32-06 нөмірі бойынша жедел желісіне хабарласа алады.
Сондай-ақ өтініштер еOtinish электронды платформасы арқылы қабылданады. Ал рұқсатсыз салынып жатқан нысандар туралы ақпаратты басқарманың ресми сайтындағы «Тұрғын үй кешеніңді тексер» бөлімінен көруге болады.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА