Бас тақырыпБасты тақырып

Аймақта полиция қызметкерлерімен тығыз жұмыс істейтін 150 еріктілер ұйымы бар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында заң үстемдігін қамтамасыз етіп, азаматтардың қауіпсіздігін күшейту мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін нақты атап өтті. Бұл бағытта еліміздің барлық өңірлерінде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері де қоғаммен бірлесе отырып, бірқатар кешенді шараларды жүзеге асыруда. 

Сурет jasqazaq.kz

Атап айтсақ, жақында Қарағанды қаласының орталық мәдени және демалыс саябағында «Заң және тәртіп» қағидатын насихаттауға арналған кең ауқымды саптық таратылым өтті. Ауқымды шараға полиция қызметкерлерімен қатар, еріктілер, қоғамдық ұйым өкілдері, «Жас сақшы» және «Жас сарбаз» қозғалыстарының мүшелері, мектеп оқушылары қатысты. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров сөз алып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде полициямен қатар, азаматтық қоғам өкілдерінің де жауапкершілігі зор екенін атап өтті. Ол еріктілердің, жастардың, мектеп оқушыларының белсенділігі – құқықтық тәртіпті сақтауісіндегі маңызды күш екеніне назар аударды.
Салтанатты шарада құқық қорғау органдарына қолдау көрсетіп жүрген бірнеше ерікті мен оқушы арнайы марапатқа ие болды. Солардың бірі – Б.Момышұлы атындағы №77 мектептің 11-сынып оқушысы Нұрәлі Нұрланұлы.

– Полиция департаменті бастығының грамотасын алу – мәртебе. Біз мектеп ішінде құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында учаскелік инспектормен бірге жұмыс істейміз. Болашақта өз өмірімді осы салаға арнап, еліме адал қызмет еткім келеді, – деді жас сарбаз.

Саптық таратылымнан кейін еріктілер мен полиция қызметкерлері қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, есірткі қылмыстарының, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және алаяқтықтан қорғану бойынша жадынамалар таратты. Бүгінде облыс көлемінде полициямен тығыз жұмыс істейтін 150 еріктілер ұйымы, 6 студенттік жасақ, 25 қоғамдық кеңес пен «Жас сақшы», «Жас сарбаз» секілді жастар қозғалыстары бар екенін атап айту керек. Олардың қолдауымен биылдың өзінде 64 қылмыс ашылып, 324 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілген.
Құқық қорғау органдарына көр-сеткен көмегі үшін 200-ге жуық азамат марапатталыпты. Қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында құқық қорғау органдарының атқарып жатқан ауқымды жұмыстары мұнымен шектелмейді. Мәселен, облыс аумағында табиғатты қорғау полициясы мен орманшылардың бірлескен рейді барысында заңсыз аңшылықпен айналысқан азаматтар қолға түсті.
Қала тұрғындары болып шыққан екі азамат бір ғана лицензия рәсімдегенімен, оны тіркетпестен елік атып, заңды бұзған. Оқиға орнында еліктің тушасы мен бір ұңғылы аңшы мылтығы айғақ ретінде тәркіленіп, қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар, облыс полицейлері қалта ұрлығына тосқауыл қоюда да нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Жуырда қоғамдық көлікте жолаушы әйелдің сөмкесінен iPhone 13 ұрлаған азамат ұсталып, жедел әрекет нәтижесінде телефон иесіне қайтарылды. Бұл – тәртіп сақшыларының кәсіби шеберлігі мен шұғыл әрекет етуінің нәтижесі. Қылмыспен күрестің тағы бір маңызды бағыты – гастролер-ұрыларды анықтау. Полиция департаментінің қызметкерлері Алматы қаласында еліміздің бірнеше өңірінде ұрлық жасаған күдіктіні құрықтады. 20 жастағы Шымкент тұрғыны Қарағандыдағы зергерлік дүкеннен әшекей бұйымдарды, мешіттен әйелдің сөмкесін ұрлаған. Тергеу барысында оның
Астана мен Алматы қалаларында да осындай қылмыстар жасағаны белгілі болды. Материалдық шығын көлемі 800 мың теңгеден асып отыр. Бұдан бөлек, облыс аумағында дизель отынын ұрлаудың ұйымдасқан схемасы әшкереленді. 

Полиция мен ҰҚК, көлік прокуратурасы және басқа да құқыққорғау органдарының бірлескен арнайы операциясы нәтижесінде теміржол жылжымалы құрамынанжанармай ұрлаған топтың жолы кесілді. Қылмыстық топтың 17мүшесі қолға түсіп, 28 дерек бойынша іс қозғалды. Тінту кезінде 500 келіге жуық дизель отыны, бос канистрлер, ұялы телефондар, есірткі заттары және Ресейде ұрланған ретінде тіркелген қару мен оқ-дәрілер тәркіленді. Осының бәрі – полиция департаментінің қылмысқа қарсы жүйелі күрес жүргізіп келе жатқанын аңғартады. Азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, қоғамдық тыныштықты сақтау және заң үстемдігін орнату – полицияның ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Президент Жолдауында белгіленген мақсаттарды орындауда Қарағанды полицейлері елмен етене жұмыс істеп, қауіпсіз орта қалыптастыруға нақты үлес қосып келеді. «Заң мен тәртіп – баршамызға ортақ міндет» қағидаты бүгінгі таңда аймақтағы қоғамдық өмірдің басты ұстанымына айналып отыр.

Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button