Аймақта ҰОС қатысушылары Жеңістің 80 жылдығына 3 млн теңгеден алады
Қазіргі уақытта Қарағанды облысында 3 240 ардагер тұрады, олардың 9-ы Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Өңірде Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге дайындық басталды.
– Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу бастау алды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері Қали Аманбаев пен Қамали Дүйсембековтың 100 жылдығына арналған іс-шаралар өтті. Қазіргі уақытта соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешу жөніндегі жұмысты үйлестіретін облыстық және өңірлік штабтар құрылуда, – деп хабарлады аппараттық кеңесте ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.
Жеңіс күніне орай біржолғы материалдық көмектің сомасы белгілі болды. Ұлы Отан соғысына қатысушылар 3 млн теңгеден алады. Сондай-ақ жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендерге: концлагерлер тұтқындарына және қоршаудағы Ленинград тұрғындарына – 200 мың теңгеден, тыл еңбеккерлеріне – 100 мың теңгеден, ҰОС жылдары қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері мен әйелдеріне – 50 мың теңгеден төлемдер қарастырылған.
Сонымен қатар, мерейтойлық медальдар тапсырылады.
Жастар ұйымдары еріктілерінің қатысуымен «Ардагерлерге тағзым» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Сондай-ақ, мектеп оқушыларына арналған патриоттық іс-шаралар: сынып сағаттары, ерлік сабақтары, конкурстар жоспарланған. «Айбын» әскери-патриоттық жиыны өтеді.
Әдеттегідей онлайн-форматта өмірден озған батырлардың есімін мәңгі есте қалдыру үшін «Ер есімі – ел есінде» акциясы өткізіледі.
– Ардагерлердің ешқайсысы да назардан тыс қалмауы керек, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Аймақ басшысы басқарма басшыларына Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларды өткізуге қатысты бірқатар тапсырмаларды берді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.