АймақБас тақырыпТеміртау

Аймақта металлургтер күні кең көлемде аталып өтті

Металлургия – Қарағанды облысының болмысын айқындайтын басты салалардың бірі. Сондықтан, Теміртау мен Балқаш қалаларында Металлургтер күні тек кәсіби мейрам ғана емес, кең ауқымды, көпшілік қатысатын халықтық мерекеге айналған. Биыл да бұл күн ерекше құрметпен, жоғары деңгейде аталып өтті – мыңдаған адам қатысқан салтанатты концерттер, марапаттау рәсімдері мен спорттық жарыстар металлургтердің еңбегіне деген зор ризашылықты білдірді.

Суреттер “Qarmet” АҚ

Қарағанды облысында болат балқытушы мамандарға арналған ерекше құрмет көрсетілді. Теміртау мен Балқаш қалалары үшін бұл кәсіби мереке – жай ғана мейрам емес, өңір тарихымен біте қайнасқан маңызды күн. Себебі бұл қалалар еліміздің металлургия саласына орасан үлес қосып келеді.

Теміртаудың орталық алаңында өткен мерекелік концертке он мыңдаған адам жиналды. Қала тұрғындары Qarmet компаниясының металлургтерімен бірге шаттық кештің қуанышын бөлісті.

Металлургтерді кәсіби мерекемен Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Леонид Агутин, сондай-ақ отандық эстрада жұлдыздары – V $ X V PRiNCE, Dequine, Алан Черкасов, RaiM және 6ELLUCCI хип-хоп дуэті құттықтап, үздік әндерін тарту етті.

– Бұл күн көптен бері кәсіби мереке ғана емес, шынайы халықтық мейрамға айналды. Теміртауда талай отбасының тағдыры металлургиямен байланысты. Сіздер – осы қаланың жүрегі, ал сіздердің қажырлы еңбектеріңіз – өңір тұрақтылығының тірегі. Теміртаудың өндірістік қуаты мен рухын сақтап тұрған – сіздер, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Дәстүр бойынша, мереке қарсаңында “Qarmet” компаниясында “Металлургтердің Құрмет тақтасы” жаңартылды. Бұл – сала үздіктерінің қажырлы еңбегіне деген жоғары бағалау мен кәсіби шеберлікке көрсетілген ерекше құрмет. Құрмет тақтасына жыл бойы жетістігімен көзге түскен қызметкерлердің суреттері ілінді.

Сонымен қатар, Металлургтер күніне орай “Temirtau Run – 2025” атты кешкі жүгіру және салалық спартакиада ұйымдастырылды. Мыңдаған адам қатысқан бұл шара – металлургтерге деген шынайы ризашылықтың символына айналды. Қатысушылар өз мүмкіндіктеріне сай қашықтықты таңдады: 2,5 шақырымнан бастап, 10 шақырымға дейінгі жолды жүгіріп өтті.

Балқаш қаласында да “Kazakhmys Smelting” компаниясының қолдауымен салтанатты концерт өтті. Мерекелік кештің қонақтары ретінде қазақстандық танымал орындаушылар ADAM, Болат Құсаинов және әзілкеш Данияр Жұмаділов шақырылды. Кеш барысында балқаштық металлургтер сахнаға шығып, өз кәсібіне арналған әнді бірге шырқады.

default

“Жастар” саябағында балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, аниматорлар мен алып қуыршақтар балдырғандардың көңілін көтерді.

Айта кетейік, Қазақстанда Металлургтер күні жыл сайын шілденің үшінші жексенбісінде атап өтіледі.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button