Аймақта менингит ауруының артуы тіркелуде
Қарағандыда мектеп оқушысы менингитке күдікпен жансақтау бөліміне түсті. Өңірде қауіпті жұқпалы дертке шалдығу көрсеткішінің артуы тіркелуде.
Қазір жансақтау бөлімінде жатқан жоғары сынып оқушысы тексеріліп, сынамасы зертханаға жіберілді. Қазан айында балабақшалардың бірінде де менингит анықталған. Қазір эпидемиологтар оның қайдан шыққанын зерттеуде. Дәрігерлер кейбір менингиттің симптомсыз болуы мүмкін екенін де айтады.
– Инфекция белгілері суық тиюге ұқсайды, бірақ кейде денеде бөртпе пайда болады. Бас қатты ауырып, температура көтеріледі. Ешбір жағдайда өзін-өзі емдемеу керек. Алғашқы белгілері білінген жағдайда бірден медициналық мекемеге жүгінуді сұраймыз, – дейді Қарағанды облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байғұтанова.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.