Аймақта мамыр мерекелеріне дайындық қалай?
Аймақта Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Жеңістің 80 жылдығы кең көлемде аталып өтілмек. Өңірдің барлық қалалары мен аудандарында концерттер, спорттық жарыстар, патриоттық акциялар және ардагерлерге атаулы көмек сынды жүзден астам іс-шаралар жоспарланған.

Мерекелік шара 1 мамырда Қазақстан халқының бірлігі күнінен басталады. Саябақтар мен алаңдарда концерттер өтіп, кәсіпорындарда өндіріс озаттарына құрмет көрсетіледі. Облыс спортшылары «Бірлік жүгіруі» республикалық марафонына қатысады.
7 мамыр Отан қорғаушылар күніне орай мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында ерлік сабақтары мен «Жастар» спорт кешенінде қазақ күресінен турнир өтеді. Орталық саябақта, Жаңа Майқұдық мәдениет үйі мен Теміржолшылар мәдениет сарайында мерекелік концерттер ұйымдастырылады.
Қарағанды облысында 2 797 ардагер бар. Олардың сегізі ҰОС ардагері, 116-сы адагерлердің жесірлері, 2 634 тыл еңбеккері, 29 концлагер тұтқыны және 10 Ленинград қоршауында қалған азамат. Барлығына ерекше назар аударылып, 9 мамырда «Жеңістің 80 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталады.
Мерекелер шеруі Жеңіс күніне арналған «Ұлы жеңіске мың тағзым» акциясымен жалғасады. Акция аясында Мәңгілік алауға және Сұрыптаудағы жауынгерлік даңқ ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, Жеңіс саябағында «Жеңіс жолы» театрландырылған концерті өтеді.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.