Басты тақырыпЖаңалықтар

Аймақта күзгі әскерге шақыру науқаны жүруде

Қыркүйектің алғашқы күнінен бастап облысымызда күзгі әскерге шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Бүгінде жүзден аса жас сарбаз сап түзеп, ҰҚК Шекара қызметіне аттанды. Алдағы айларда олар әскери құрылым бойынша жіктеліп, Қорғаныс министрлігіне, Мемлекеттік күзет қызметіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне және Ұлттық ұланға да жіберіледі.

Суреттер ҚР Қорғаныс министрлігінің Қарағанды гарнизонының баспасөз қызметінен

Әскерге шақырылушыларға шақыру қағазы мен SMS-хабарламалар арқылы ескерту жіберіледі. Шақыруды алған соң жастар тұрғылықты мекенжайы бойынша Қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерге барып, медициналық комиссиядан өтуі тиіс. Медициналық тексерістің нәтижесінде олардың әскери қызметке жарамдылық дәрежесі анықталады.

 – Қазіргі таңда біз оң өзгерістерді байқап отырмыз. Бізге келіп жатқан жастар – саналы, өмірлік ұстанымы қалыптасқан азаматтар. Олардың көпшілігі жоғары немесе арнайы орта білім алған, кәсіби дағдылары бар, әрі әскерге не үшін бара жатқанын жақсы түсінеді. Бұл арқылы қоғамдағы азаматтық жауапкершілік деңгейінің артып келе жатқанын көре аламыз, деді – Қарағанды облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары, полковник – Дмитрий Буксман.

  Биылғы күзгі шақыру науқанынан бастап елімізде әскерге шақырылушыларға арналған жаңа «PSY-ҚАУІП» психологиялық тестілеу әдістемесі енгізілді. Бұл әдіс психоэмоционалдық тұрақсыздық пен суицидтік бейімділіктің алғашқы белгілерін ерте анықтауға бағытталған. Жаңашылдық әскери бөлімдерде жеке құрамның қауіпсіздігін арттыруға және салауатты моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыруға ықпал етеді.

   – Менің ойымша, әрбір жігіт  Отан алдындағы борышынан жалтармай, абыроймен өтеуі керек. Біздің отбасымызда бәрі әскерде болған. Әкем үш жыл флотта қызмет етті, ағаларым да әскер сапында болды. Енді міне, менің де кезегім келді. Бұл жолды абыроймен, мақтанышпен өткергім келеді, дейді – әскерге шақырылушы – Асылжан Мускинов.

Қазақстанда мерзімді әскери қызмет мемлекет тарапынан түрлі кепілдіктермен қамтамасыз етілген. Қызмет өту кезеңінде және әскерден босатылғаннан кейінгі 60 күн ішінде әскери қызметшілерге несие төлемдері бойынша жеңілдік (кредиттік демалыс) беріледі. Сонымен қатар, борышын өтеген соң Ұлттық бірыңғай тестілеусіз, тегін жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі қарастырылған.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button