Аймақта көлік қозғалысының қауіпсіздігі күшейтілуде
Қарағанды облысында автомобиль жолдарын қысқы маусымға дайындау жұмыстарының соңғы кезеңі жүріп жатыр. Қарлы боран мен бұрқасын кезінде көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қар үймелейтін учаскелерге заманауи композиттік қар тосқауыл қоршаулар орнатылуда. Биыл мұндай қоршаулардың бірі «Сарыарқа» әуежайына апаратын жол бойында бой көтерді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бағбандар алабы маңында жалпы ұзындығы 1,2 шақырым, биіктігі 4,7 метр болатын қоршаулар орнатылып, монтаждау жұмыстары толық аяқталды.

– Алдағы қысқы маусымда бұл қоршаулардың тиімділігіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Егер сынақ нәтижелері оң болса, осындай үлгідегі қоршаулар басқа да күрделі учаскелерде орнатылады, – деді облыстық көлік және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Мұқашев облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте.
Қыс мезгілінде Қарағанды облысы аумағындағы республикалық маңызы бар жолдардың күтімімен «ҚАЖсервис» компаниясы айналысады. Компания қар тазалау, жол жабынын өңдеу және олардың жағдайына бақылау жұмыстарын қамтамасыз етеді. Жол шаруашылығының иелігінде қар тазалайтын техника, шнек-роторлар, әмбебап жол машиналары, автогрейдерлер және өзге де арнайы техника бар. Сонымен қатар қосымша арнайы техниканы жалға алу бойынша конкурстық рәсімдер де жүргізілуде.
Қысқа дайындық аясында жылыту бекеттері, қазандықтар, реагенттер қоймалары және қызметкерлерге арналған тұрмыстық бөлмелер толық дайындалды. Көктайғаққа қарсы материалдар қоры 2,6 мың тоннадан асты — оған сүзінді, тұз және көмір кіреді.
– 1 қазаннан бастап барлық жол учаскелерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Жолдардың жағдайы мен қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар жөніндегі ақпарат әлеуметтік желілерде жедел жарияланып отырады, – деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Қарағанды облыстық филиалының директоры Думан Қалабиев.
Қар басу қаупі жоғары және көшкін жүру ықтималдығы бар республикалық маңызы бар жол учаскелерінде ұзындығы шамамен 150 шақырым болатын тұрақты қар тосқауыл қоршаулар орнатылған. Атап айтқанда, мұндай қоршаулар Астана – Қабанбай батыр – Нұра – Теміртау және Астана – Алматы бағыттарында бой көтерген. Сонымен қатар ағаштан жасалған қар тосқауыл қалқандарды орнату жұмыстары да жалғасуда.
Су тасқыны қаупін азайту мақсатында қосымша инженерлік шаралар қолға алынған. Өткен көктемдегі су тасқыны кезеңінің нәтижелері бойынша анықталған облыстық маңызы бар 12 жол учаскесінде жөндеу жүргізіліп, қосымша су өткізу құбырлары салынды. Бұл жұмыстар жолдардың су өткізу қабілетін арттырып, тасқын кезінде судың асфальт арқылы тасып өту қаупін азайтады.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қыс мезгілінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлуді тапсырды.
– Қыс мезгілінің келуіне байланысты барлық бағыттарда көлік қозғалысының үздіксіз әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету қажет. Уақытылы тек жол жолағын ғана емес, жаяу жүргіншілер жолдарын да тазалап отыру маңызды. Мердігер ұйымдардың жұмысына бақылау тұрақты түрде жүргізілуі тиіс. Қысқы жол күтімі мәселелері қала мен аудан әкімдерінің, сондай-ақ жол қызметтерінің тікелей жауапкершілігінде. Қар тазалау техникасының жарамды күйде болуы және ауа райы нашарлаған жағдайда жедел әрекет ету – басты талап, – деді аймақ басшысы.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА



