Аймақта көкөніс бағасы тұрақталады
Былтырғы жылдың қазан айынан бастап 1 ақпанға дейін айналым схемасымен Қарағандыда 23,5 тонна жеміс-көкөніс өнімдері сатылған көрінеді. Қазіргі таңда аймақта маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар көкөністердің бағасын тұрақтандыру мақсатында жұмыстар атқарылуда. Енді фермерлер өнімдерін дүкен сөрелеріне белгіленген бағамен жеткізеді. Яғни, картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат халыққа қол жетімді бағада болмақ.
Жалпы, айналым схемасы дегеніміз – бұл тауарларды белгіленген бағамен жеткізу міндеттемесінің орнына өндірушілерге жеңілдетілген несие беру. Облыс орталығына көкөністерді жеткізу үшін Абай ауданының “Поливное” фермерлік шаруашылығымен шарт жасалды.
– Шаруашылыққа 2023 жылдың қазанынан 2024 жылдың тамызына дейін көкөністерді жеткізу үшін жалпы сомасы 153,4 млн. теңгеге екі қарыз берілді. Картоп, сәбіз, ақ қырыққабат және пияз өнімдері үшін жалпы көлемі 1363,6 тонна белгіленді, – дейді “Сарыарқа” ӘКК басқарма төрағасының орынбасары Еркінбек Әбдіханов.
Көкөністер 37 сауда нүктесіне жеткізіледі. Сол сауда нүктелерінің ішінде “Оптима”, “Норма”, “Аян”, “Южный” және “Корзина” секілді ірі супермаркет желілері бар. Одан бөлек, 22 әлеуметтік павильонға да жеткізіледі. Мұндағы бағалар да бекітіліп қойған. Мәселен, картоптың бір келісі – 95 теңге. Пияз – 75 теңге, сәбіз – 110 теңге және қырыққабат – 113 теңге.
Былтырғы жылдың 1 қазанынан бастап биылғы жылдың 30 сәуіріне дейін Приозерск сауда нүктелеріне белгіленген бағамен көкөністерді жеткізу үшін “Көбенов Н.О.” ЖК келісімге келген. Аталмыш кәсіпкерлікке айналым схемасы бойынша 50 млн. теңгеге қарыз берілді. Кәсіпорын 100 тонна картоп, 100 тонна пияз, 30 тонна сәбіз және 30 тонна қырыққабат жеткізеді.
Еркінбек Әбдіхановтың айтуынша, облыста маусымаралық кезеңде көкөністердің бағасын бір қалыпта ұстап тұру үшін көлем жеткілікті.
Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында 842,5 тонна өнім бар. Қант қоры 377 тоннадан асады, қарақұмық жармасы – 67,7 тонна, күнбағыс майы – 75 мың литр, ұнтақталған күріш – 125,5 тонна.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz