Аймақта газ өндіретін ірі зауыт салынады
Премьер-Министр Олжас Бектенов «Shandong Energy Group Co.» басқарма төрағасы Ли Вэймен кездесу өткізіп, энергетика саласындағы ынтымақтастық, Қазақстанда көмір-химия зауытын салу бойынша бірлескен жобаның жүзеге асырылуын талқылады, – деп хабарлайды ortalyq.kz.

“QazaqGaz” және “Shandong Energy Group Co.” компанияларының Қарағанды облысындағы көмірден газ өндіретін көмір химия зауытының құрылысы бойынша бірлескен жоспарларына назар аударылды. Жобалық қуаты жылына 2 млрд текше метр газды құрайды. Өндірісті іске қосу Қазақстанның көмір-химия саласының дамуына жаңа серпін береді. Газдың қосымша көлемі 1,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашу, экономиканы әртараптандыру, жаңа технологияларды дамыту, сондай-ақ еліміздің экспорттық әлеуетін күшейтеді деп күтілуде.
Олжас Бектенов Қазақстан Үкіметі Қытай Халық Республикасымен экономиканың түрлі салаларында, оның ішінде көмір химиясы саласында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға баса мән беретіне тоқталды.
“Shandong Energy Group Co.” басқарма төрағасы Ли Вэй Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға және өнеркәсіптің келешегі зор бағытына инвестиция салуға мүдделі екенін айтты.
Келіссөздер қорытындысы бойынша, тараптар бірлескен жоспарды жүзеге асыру үшін сындарлы диалогқа ниетті екенін жеткізді.
“Shandong Energy Group Co. (SEG)” – Қытайдың энергетика, көмір және көмір химиясы саласында көпжылдық тәжірибесі бар жүйе құраушы кәсіпорын. Инновациялық тәсіл арқылы компания ҚХР-да көміртегі, метанол және көмір негізінде өндірілетін басқа да химиялық өнімдерді өндіруде көшбасшы болды. SEG-тің ҚХР провинцияларында және 17 елде орналасқан 608 еншілес кәсіпорны бар.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.