Аймақта есірткі өндірумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Қарағанды облысының полиция департаменті облыстық прокуратурамен бірлесе отырып, есірткі және психотроптық заттарды өндіру және сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа (ҰҚК) қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.
Есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары аясында Асыл ауылында есірткі зертханасы жойылды. Оқиға орнынан 200 келіге жуық есірткі және оларды жасауға арналған құрал-жабдықтар табылды. Операция барысында 25 жастағы ер адам мен 29 жастағы әйел ұсталды. Одан әрі жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде Алматыда есірткі зертханалары желісін ұйымдастырушы Теміртау қаласының тумасы ұсталды. Күдіктіден қылмыстық желі қызметін үйлестіру үшін пайдаланылған ноутбук, таразы, күнделік және 21 ұялы телефон сияқты айғақ заттар алынды. Тергеу нәтижесінде ұсталған азаматтың Қарағанды және Алматы облыстарында орналасқан бес есірткі зертханасын ұйымдастыруға қатысы бар екені анықталды.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық мүшелерін анықтау және олардың заңсыз әрекеттерін тоқтату бойынша жедел-іздестіру шаралары жалғасуда.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.
Видео: ПД