Аймақта екі жайлы мектеп ашылады
Қарағандыда биыл тағы екі жайлы мектеп ашылады. Оның бірі Көгілдір тоғандар шағын ауданында болса, екіншісі, қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде. Қос ғимаратта құрылыс жұмыстары аяқталған. Қазір ішкі жөндеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында ғимараттарды аралап, көріп қайтты. Әрі оқушылардың қауіпсіздігіне баса назар аудару қажеттігін тапсырды.
Көгілдір тоғандарда салынып жатқан 1200 орындықты жайлы мектеп «Томирис» тұрғын үй кешенінің аумағында орналасқан. Сол шағынауданда Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп бар.
Әу баста осы мекептің жүктемесін азайту мақсатында жаңа мектеп салуды жоспарлаған. Жаңа мектеп алдағы уақытта өз жұмысын бастайды. Ал, мұнда ауысқысы келетін педагогтар мен оқушылар алдын ала өтініш жазулары қажет.
Жаңа мектепте барлық құрылғылар бар. Кабинеттері толық жабдықталған. Оқулықтары да жеткілікті. Жиһаздар жергілікті өндірушілерден сатып алыныпты.
Гүлдер ықшамауданында ашылатын жаңа оқу орны 300 орынға есептелген. Жаңа мектеп көршілес орналасқан Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінің жүктемесін азайтады деп күтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйекте Қарағандыдағы «Кендала» шағын ауданында 2000 орындық алғашқы жайлы мектеп ашылған еді. Жаңа оқу орны қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі төрт мектептің жүктемесін азайтты. Бірінші кезекте Әлихан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің оқушылары көшіп келді.
Айта кетейік, аймақта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында сыйымдылығы 12,5 мың орындық 18 нысан салынады деп жоспарланған.
Жаңа заманауи мекемелер облыс орталығында ғана емес, Балқаш, Абай, Приозерск, Бұқар Жырау, Шет, Қарқаралы, Нұра ауданыда да салынады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz