Аймақта егіс науқанына дайындық басталды
Өңірде көктемгі егіс науқанына дайындық қызу. Биыл жаздық егіс 1,2 млн га алқапқа жоспарланған. Әдеттегідей көп бөлігі дәнді дақылдарға бөлінеді.
![](http://ortalyq.kz/wp-content/uploads/2025/02/1200xauto_ksuzcXD3sjIg0YsqhiRMqpwAj7imBDkMFpSsOKqm-1024x625.jpg)
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин аппараттық кеңесте егіс науқанына дайындық туралы баяндады.
– Биыл егіс алқабы 100,3 мың гектарға ұлғайтылып, 1 млн 188,6 мың гектарды құрайды. Дәнді дақылдар 956,9 мың га алқапқа егіледі. Бұл ретте бидай егісі 10,8 мың гектарға төмендеп, 756,1 мың гектарды құрайды, – деді ол.
Әртараптандыру аясында майлы және жем-шөп дақылдарының алқаптары ұлғайтылады. Сондай-ақ картоп 12,3 мың гектарға және көкөніс 1 мың гектарға көбірек егіледі.
Сондай-ақ суармалы жерлерді ұлғайту жұмыстары жалғасады. Егіс науқанына 10,5 мың трактор, 229 егіс кешені, 4,4 мыңнан астам тұқым сепкіш және 9,7 мың бірлік өзге де техника жұмылдырылады. Негізгі бөлігі дайын. Алқаптарда ылғалды сақтау үшін қар ұстау жүргізіледі.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден арзандатылған дизель отынына өтінімдер қабылданады. Тұқым шаруашылығын дамытуға субсидиялар, пестицидтердің, тыңайтқыштардың құны және су жеткізу бойынша шығындар түрінде мемлекеттік қолдау көзделген.
Егіс науқанына дайындық үшін қаражат қажет. Жеңілдікті несиелер «Кең дала» және «Кең дала – 2» бағдарламалары бойынша беріледі.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев егіс науқанын оңтайлы агротехникалық мерзімде өткізу қажеттігін атап өтті. Аймақ басшысы тұқымдарды тексеру, минералды тыңайтқыштарды сатып алу және жеңілдікті дизель отынын жеткізу бойынша уақытылы рәсімдер жүргізуді тапсырды. «Сарыарқа» ӘКК, ауыл шаруашылығы басқармасымен және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, картоп пен көкөністің тұрақты қорын құру үшін ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен форвардтық келісімшарттар жасасу мәселесін пысықтауы қажет.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА