Қарағанды облысында егін жинау науқаны жалғасуда. Тек егін жинау жұмыстарына қыркүйектің бірінші онкүндігінде жауған жауын-шашын қиындық туғызуда.
Астықтың жоғары ылғалдылығына байланысты бүгінде оны кептіру мәселесі өзекті болып тұр. Аппараттық кеңесте егін жинау туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин баяндады.
– Біз барлық астық кептіргіштерді барынша пайдаланудамыз. Кептіргіштердің жалпы саны – 48. Сондай-ақ, кейбір шаруалар қосымша кептіргіштер сатып алуда. 18 қыркүйектегі жағдай бойынша 319 мың гектар бастырылды, 206,5 мың тонна астық өндірілді. 2814 гектар алқаптан 54,9 мың тонна картоп жиналды. 276 гектар алқаптан 8,0 мың тонна көкөніс жиналды, – деп атап өтті Саят Мусин.
Облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асановтың төрағалығымен өңірде шығынды азайту және егін жинау кезінде туындайтын проблемаларды жедел шешу үшін жұмыс тобы құрылды.
– Ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдеріне егінді уақтылы жинау үшін барлық жағдайды қамтамасыз етуді тапсырамын. Әкімдіктер дизель отынын іріктеу бойынша жұмысты жеделдетіп, келесі жылға тұқымға деген қажеттілікті анықтауы қажет, – деді өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Айта кету керек, биылғы жылы дәнді дақылдардың ауданы 993,2 мың гектарды құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 73,3 мың гектарға артық. Егін жинау науқанына 2095 астық жинайтын комбайн жұмылдырылған.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz