Аймақта боранда қалған 2 мыңға жуық адамға көмек көрсетілді
Қарағанды облысында боран салдарынан жолда қалған жүздеген көлік полицияның көмегімен қауіпсіз аймақтарға жеткізілді. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

22 ақпаннан бастап өңір аумағында күшті боран соғып, көру мүмкіндігі күрт төмендеді. Қатты жел мен толассыз жауған қардың салдарынан республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар уақытша жабылып, жол қозғалысына шектеу қойылды.
Қолайсыз ауа райы кезінде тасжолдарда шамамен 500-ге жуық жеңіл автокөлік, 350-ге тарта жүк көлігі және 20-ға жуық автобус қар құрсауында қалды. Жалпы саны 2 мыңға жуық адам жолда қалып қойған. Әсіресе Қарағанды – Астана бағытында жағдай күрделеніп, бір бағытта 700-ге жуық көлік шоғырланған.
23 ақпан күні сағат 14:00-ден бастап патрульдік полиция батальоны жол қозғалысын кезең-кезеңімен қалпына келтіру жұмыстарын бастады. Тәртіп сақшылары көліктерді ілеспе алып жүру тәсілін ұйымдастырып, Теміртау – Астана бағыты бойынша қалған автокөліктерді полиция бақылауымен қауіпсіз аумақтарға жеткізді.
Патрульдік полиция батальоны взводының командирі Даурен Әбдішевтің айтуынша, кейбір жол учаскелерінде қар үйінділері мен боранның салдары әлі де сақталуда.
– Біздің басты міндетіміз – азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау. Осыған байланысты жолда қалған көліктерді полицияның ілеспе алып жүруімен қауіпсіз бағыттарға жеткізу жұмыстары жалғасуда, – деді ол.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күшейтілген режимде тәулік бойы қызмет атқарып, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Полиция жүргізушілерге маңызды ескертулер жасайды:
• Дауылды ескерту жарияланған кезде алыс сапарға шықпаңыз;
• Жолға шығар алдында автожолдардың жағдайын ресми дереккөздерден нақтылаңыз;
• Көлікті қысқы маусымға толық дайындап, жанармай қорын жеткілікті деңгейде қамтамасыз етіңіз;
• Өзіңізбен бірге жылы киім, ауыз су және толық қуатталған байланыс құралдарын алып жүріңіз;
• Боран кезінде жылдамдықты төмендетіп, қауіпсіз арақашықтық сақтаңыз.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



