Аймақта қардың еруі басталғандықтан, су басу қаупі артты
Қазгидрометтің мәліметінше, облыс аумағының 60%-ы қармен жабылған, өзендердегі су деңгейі қалыпты. Аймақта қардың еруі басталғандықтан, су басу қаупі артып отыр. Сондықтан аула аумақтарын дер кезінде тазалау маңызды. Қала және аудан әкімдері халыққа қар тазалауды кейінге қалдырмауға шақырып, үндеу жасады.

Елді мекендерден 1,8 миллион текше метрден астам қар шығарылған. Сонымен қатар су өткізу құбырлары, арналар мен арықтар тазартылып, қорғаныс бөгеттері нығайтылуда. Өзендерде мұз кептелістерінің алдын алу үшін жарылыс жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Бұқар жырау, Нұра және Осакаров аудандарындағы су тасқыны қаупі бар ауылдарды аралап шықты. Жергілікті жерлерде әкімдер мен ТЖД өкілдері бірлесіп, аумақтарды тұрақты түрде бақылауда ұстап отыр.

Барлық қызметтер көктемгі су тасқыны кезеңінде тәуекелдерді азайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Коммуналдық қызметтер көшелер мен қоғамдық орындарды тазалап жатыр, алайда аулалар тұрғындардың өз жауапкершілігінде.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



