АймақБас тақырып

Аймақта ақындар айтысы басталды

Қарағандыдағы С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Армысың, әз Наурыз!» облыстық ақындар айтысы басталды. Оған өңірдің “сен тұр, мен атайын” дейтін сегіз ақыны қатысып, ұлыстың ұлы күні –  әз Наурыздың қадір-қасиетін жырға қосты.

Суреттерді түсірген автор

Ашылу салтанатына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырған жыр додасын тамашалауға келген жұрттың қарасы қалың. Ғалымжан Өтелбайұлы өз сөзінде қатысушыларға сәттілік тілеп, көрерменді Наурыз мейрамымен құттықтады.

– Биыл Наурыз және айт мейрамы тұспа-тұс келіп, мерекелік көңіл-күйді арттыра түсті. Соңғы екі жылда елімізде Наурызды жаңаша форматта атап өту тұжырымдамасы қабылданып, мереке он күн бойы тойланып келеді. Бүгінде бұл бастама кең қолдау тауып, ұлттық мейрамның мазмұны мен ауқымын байыта түсті. Сонымен қатар, жуырда елімізде маңызды саяси науқан өтіп, соның нәтижесінде келер жылдан бастап 15 наурыз – елдің Ата заңы қабылданған күн ретінде ресми түрде белгіленбек. Бұл да Наурызнама аясындағы мазмұнды күндердің қатарын толықтыра түседі.
Қазіргі таңда облыс көлемінде мыңға жуық мерекелік іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Солардың ішіндегі ең ауқымдысы – ақындар айтысы. Біз бұл айтысты тек жарыс, сөз қағыстыру ретінде ұйымдастырып отырған жоқпыз. Керісінше, ақындардың сөз саптау шеберлігін, тіл құдіретін сағынған көрерменнің рухани сұранысын өтеуді мақсат еттік. Сағыныштарыңыз басылсын деген ниет бар. Былтыр Қарағанды құрамасы республикалық деңгейде екі жылға созылған командалық айтыста топ жарды. Биыл да айтыскерлеріміз халықтың батасын алу үшін сахнаға шығып отыр. Әз Наурыз құтты болсын! — деді басқарма басшысы.

Ақындарға әділ бағасын беріп, айтыстың деңгейін таразылайтын қазылар алқасының құрамында филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мәдениет қайраткері Қойлыбай Асанов, академик Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ-нің профессоры Камшат Төлеубаева бар.
Кеш тізгінін ұстаған айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов өз сөзінде сахнаға шыққан ақындарды жеке-жеке таныстырып, алда өтетін аламан айтысқа қатысатын суырыпсалма өнер иелерінің есімдерін атап өтті.

– Биыл Өскемен, Зайсан қаласында командалар арасында үлкен аламан айтыс өтеді. Ол жай аламан айтыс емес, ол жерде қазақ халқының  дәстүрлі өнері дәріптеледі. Ақындар айтысынан бөлек, дәстүрлі ән өнерінен де сынға түседі. Ол сайыста өзіміздің Шыңғыс Сәрсенбай бауырымыз Қарағанды намысын қорғайды. Арқа өңірінде терме дәстүрі де жолға қойылған. Сол терме жанры бойынша Дәуренбек Әркенов бауырымыз да өңір намысын қорғайды. Кешегі күні қолына домбыра ұстап, айтыс өнерін насихаттап жүрген ақындардың қатары аз еді. Бүгінде жыршылар мектебі ашылып, небір ақындар үлкен аламанға шықты. Сол мектептің түлегі Нұрәлі Ботпай да аламан айтыста бақ сынайды. Күйшілер мектебінің дәстүрін жалғап келе жатқан Балқан ұлдарыңыз күй сайысынан өнер көрсетеді. Осы ақындарымызға аламаннан олжамен оралсын деген тілек бар, – деді Айтпай Жұмағұлов.


Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Ерік НАРЫН
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button