Аймақта 85% ерекше бала түзету қызметімен қамтылған
Қарағанды облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау, әрі сапалы білім беру жұмыстарын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жасалуда. Бұл туралы бүгін өткен педагогтердің «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы дәстүрлі тамыз кеңесінде айтылды.

Жыл соңына дейін Бұқар жырау ауданында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылуы жоспарда бар. Ал, 2026 жылы Теміртауда аутизмі бар балаларды қолдау орталығы іске қосылады, сонымен қатар, Қарағандыда ақыл-ой дамуында ауытқуы бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаты да есігін айқара ашпақ.
– Қазіргі таңда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 85 пайызы психологиялық-педагогикалық қолдау мен ерте түзету қызметтерімен қамтылған. Қамтуды одан әрі кеңейту үшін арнайы білім беру ұйымдарының санын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде, – деді облыстық білім басқармасының міндетін атқарушы Мейіржан Сыздықов.
Жаңа оқу жылында Қарағанды қаласындағы №4 мектеп-интернатта ақыл-ойының дамуы жеңіл және орташа деңгейде бұзылған балаларға арналған төрт арнайы сынып ашылады. Дәл осындай сыныптар №1 арнайы мектеп-интернатта да жұмыс істейді.
2026 жылы Қарағандыда ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған он бірінші арнайы мектеп-интернаттың ашылуы жоспарланған.
Бүгінде облыста жыл сайын шамамен 400 балаға көмек көрсететін Аутизм орталығы жұмыс істейді. Алайда өңірде осындай тағы бір орталық ашу қажеттілігі туындап отыр.
– Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қолжетімді әрі сапалы білім беру ортасын құру – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Биылғы жылдың соңына дейін барлық білім беру ұйымдарында мүмкіндігі шектеулі балаларды қажетті жағдайлармен толық қамтамасыз етуді тапсырамын. Сондай-ақ, 2026 жылы Теміртауда аутизмі бар балаларға қолдау көрсету орталығын және Қарағандыда ақыл-ой дамуында ауытқуы бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернат ашу қажет. Бұдан бөлек, Бұқар жырау ауданының әкімдігіне білім басқармасымен бірлесіп, осы жылдың қарашасына дейін психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін іске қосуды жүктеймін. Келер жылы осындай шаралар өңірдің барлық аумағында жүзеге асырылуы тиіс, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Биылғы қыркүйектен бастап облыстағы барлық арнайы мектеп-интернаттарға ресурстық орталық мәртебесі беріледі. Егер қазір инклюзияны қолдау бағытында небәрі екі облыстық ресурстық орталық жұмыс істеп тұрса, күзге қарай олардың саны он екіге жетпек.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА