АймақБас тақырыпҚарағанды

Аймақта 600 мың тонна астық жиналды

Қазіргі таңда өңірде 600 мың тоннаға жуық астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 12 центнерді құрап отыр. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы хабарлады.

Астықпен қатар көкөніс пен картоп жинау жұмыстары да белсенді жүріп жатыр. Қазіргі уақытта картоп алқаптарының жартысына жуығы жиналып, 206,6 мың тонна өнім алынды. Сондай-ақ 33,4 мың тонна көкөніс жиналды, оның өнімділігі гектарына 300 центнерден асты. Майлы дақылдардан шамамен 20 мың тонна өнім алынған.

Биыл дәнді дақылдар 914,7 мың гектарға егілді. Басқарма мамандарының айтуынша, басымдық әртараптандыруға берілген: майлы және мал азықтық дақылдардың үлесі артты. Картоп 15 мың гектарға жуық жерге, көкөніс шамамен 2 мың гектарға егілген.

Алдын ала болжам бойынша, биылғы орақ қорытындысында облыс шаруалары 1 млн тоннаға жуық астық жинайды, оның ішінде 817 мың тоннасы – бидай. Бұдан бөлек, 373 мың тонна картоп пен 75,5 мың тонна көкөніс алу жоспарланған. Қолайлы ауа райы жағдайында егін орағы қыркүйек соңына дейін толық аяқталмақ.

Орақ науқанына қажетті арзандатылған жанар-жағармай жеткізілді. Барлық агротехникалық шаралар уақытылы атқарылды: минералды тыңайтқыш енгізілді, өсімдіктерді қорғау және күзгі үстеп қоректендіру жұмыстары жүргізілді. Бұл өнімділікті сақтауға әрі фитосанитарлық қауіп-қатерлерді азайтуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, шаруалар техника паркін жаңартып жатыр. «ҚазАгроФинанс» арқылы 600-ге жуық арнайы техника сатып алынды.

Аграрларға қолдау шаралары да кеңейтілген. «Кең дала» және «Кең дала – 2» бағдарламалары аясында қаржыландыру көлемі 14,1 млрд теңгеге дейін ұлғайып, шамамен 250 ауыл шаруашылығы өндірушісі қолдау алды. Бұдан бөлек, тұқым шаруашылығын дамытуға, тыңайтқыш пен пестицидтерді субсидиялауға және су жеткізуге 5 млрд теңге бөлінді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button