АймақБас тақырыпҚарағанды

Аймақта 3,6 трлн теңгенің 120 инвестициялық жобасы іске асуда

Қарағанды облысында жаңа өндірістер іске қосылып, инвестициялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аймақта жалпы құны 3,6 трлн теңге болатын 120 инвестициялық жоба әзірленіп, олардың аясында 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 67 жоба өнеркәсіп пен өңдеу секторына тиесілі. Бұл туралы Қарағанды облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей айтып берді.

Сурет облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Келер жылы 29 инвестициялық жоба іске қосылады, соның ішінде 15-і – өнеркәсіп пен өңдеу саласында. Биылдың өзінде ыстық мырыштау зауыты мен «Silk Road Electronics» базасында «Samsung» теледидарлары мен кір жуғыш машиналарын шығару желісі өндірістері пайдалануға берілді.  

Жыл соңына дейін тағы да бірнеше нысан іске қосылады:
• «Тэмпо Казахстан» – болаттан тік жікті құбырлар өндірісі,
• «Силумин оф Казахстан» – алюминий радиаторлары,
• «Qaragandy Power Silicon» – кремнийлі қорытпалар өндірісі,
• «Гиперборея» – қуаты 150 МВт жел электр станциясы бар.

2030 жылға дейін жаңа жобаларды дамытуға қажетті база дайындалып жатыр. Аймақ өнеркәсіп пен инфрақұрылымдық жобаларды қатар дамытуды көздеп отыр. Қазір келесі өндірістер іске асырылуда:
• «Saran Machinery» – HOWO жүк көліктерін шығару,
• «Karaganda Insolation» – жылу оқшаулағыш материалдар өндірісі,
• «KazClinker» – клинкер плиткасы өндірісі.

Сонымен қатар, америкалық «IG Global» және түрік «Yildirim» компаниялары сирек және бағалы металдарды барлау жұмыстарын жүргізуде. «Күйректіқой» кен орнында барлау аяқталып, болжамды қоры 28,2 млн тонна сирек металл деп бағаланды. Сондай-ақ алтын, мыс пен вольфрамның жаңа перспективті кен орындары анықталды. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы бүгінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Мұнда жалпы көлемі 211 миллиард теңге инвестиция тартылды. Өндіріс орындары 258 миллиард теңгенің өнімін шығарып үлгерді. Соның нәтижесінде мемлекет қазынасына 26 миллиард теңге салық түсті, ал аймақта 1300 тұрақты жұмыс орны ашылды. Мұнда 24 қатысушы тіркелген, оның ішінде 11 жоба іске қосылып, 13-і жүзеге асырылу үстінде.

«Saran» индустриалды аймағында 12 қатысушы жалпы сомасы 472 млрд теңге инвестиция салды. Бұл 4,6 мың жаңа жұмыс орнының ашылуына жол ашады. Қосымша құны 14 млрд теңге болатын үш шағын индустриалды аймақ салынып жатыр. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін облыста арнайы тетік қалыптасқан. Облыс әкімі төрағалық ететін инвестициялық штаб жұмыс істейді. Әрбір жобаға жауапты маман бекітіледі. Инвесторларға қызмет көрсету орталығы «бір терезе» қағидаты бойынша құрылысқа рұқсат беру, визалық қолдау, инвестициялық келісімшарттар рәсімдеу бойынша толық көмек көрсетеді.

Қарағанды облысы индустрияландырумен қатар ғылым мен инновацияны дамытуға да ерекше көңіл бөлуде. Бүгінде инновациялық өнім көлемі 124 млрд теңгеден асса, экспорттағы үлесі ел бойынша 25%-ды құрап, ҒЗТКЖ-ға 16,3 млрд теңге бағытталды.

Облыста Ғылым және технологиялар кеңесі құрылып, «Картех» орталығы ашылуда. Бұл орталық жаңа технологияларды зерттеп, стартаптарға қолдау көрсетеді. Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында кәсіпорындар мен колледждердің байланысы күшейтілуде. Қазір облыста 8 жоғары оқу орны, 52 колледж бар, оның 40-ы дуалды оқыту жүйесінде. Жалпы 33 мың студент білім алуда.

Саран қаласында өндірістік қажеттілікке сай жаңа мамандықтар ашылды. Атап айтар болсақ, резина-техникалық өндіріс, шиналар өндірісі, «QazTehna» үшін автокөлік бояушысы және автоқұрастырушы мамандықтары.

Сондай-ақ «Qarmet» оқу орталығы базасында корпоративтік университет құрылып, «Jumys tap» және «WorldSkills» жобалары арқылы қайта даярлау мен біліктілікті арттыру бағдарламалары іске асуда.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button