Аймақта 2027 жылға дейін 68 мектеп күрделі жөндеуден өтеді
Қарағанды облысында әлеуметтік сала кешенді түрде дамып келеді. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Аймақ басшысы білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларындағы негізгі көрсеткіштер мен жоспарланған жобаларға тоқталды.

– Биылғы жылы 6 жаңа мектептің құрылысы аяқталды, ал тағы 8 мектептің құрылысы жалғасып жатыр. Оның ішінде 6 білім беру мекемесі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеруде, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, облыста 13 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылға дейін 68 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, ауылдық елді мекендерде 92 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 51-і арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен – яғни «қайтарымды активтер» арқылы салынып жатыр. Қазіргі таңда 40 нысанның құрылысы аяқталды.
Медицина саласында ең өзекті сұрақтардың бірі – кадр тапшылығы. Бұл бағытта да жүйелі жұмыс жүргізілуде.
– Дәрігерлерге берілетін көтерме жәрдемақы 8,5 миллион теңгеге дейін артты. Бұл қолдау енді тек ауылдық жерлерде ғана емес, қалаларда да көрсетіледі. Өткен жылы 62 дәрігер тартылса, биыл тағы 70 маман келеді деп күтіп отырмыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс әкімінің айтуынша, мәдениет саласы да назардан тыс қалған жоқ. Үш ірі облыстық мәдениет нысанын қайта жаңғырту жобасы қолға алынды. Олар:
- Қарағанды циркі,
- «Шалқыма» концерт залы,
- Станиславский атындағы театр.
Аталған жобалардың жобалық-сметалық құжаттамасы демеушілік қаражат есебінен дайындалып жатыр.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА