Аймақта 2026 жылға арналған азаматтық қоғам жобалары бекітілді
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов мырзаның төрағалығымен өткен үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қорытынды отырысы қоғам тынысын айқындаған өзекті мәселелерді сарап таразысына тартты. Мәні бөлек жиынға мемлекеттік органдар мен өңірдегі түрлі бағытта еңбек етіп жүрген ҮЕҰ өкілдері жиналып, жыл бойғы жұмыстың белесін бағамдап, жаңа межелерді бірге айқындады.

Іскерлік лебі аңғарылған әр сөз, әр ұсыныстың қыр соңында қым-қуыт қоғамның аужайы жатыр. Келелі кездесу барысында жылдық жұмыс нәтижелері тарқатылып, азаматтық секторды дамытуға бағытталған тың ойлар ортаға салынды. Мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту – жиын талқысының негізгі өзегі. Серіктестік байланыстарды нығайту, қоғамдық бастамаларды қолдау, тұрғындардың әлеуметтік жобаларға қатысуын кеңейту жөніндегі пікірлер ашық форматта айтылды. Әсіресе, өңірдегі әлеуметтік салмақты жобалардың жүзеге асуына азаматтық қоғамның ықпалын арттыру жайы кеңінен сөз болды. Тәжірибе алмасу, қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, қоғаммен кері байланыс орнату мәселелері де назардан тыс қалмады.

– Кеңес қорытындысы азаматтық қоғамның аймақтағы рөлінің артып келе жатқанын айқын көрсетті. Ұтымды ұсыныстар – нақты деректерге сүйенген, шынайы қажеттіліктерден туған өміршең бастамалар. Ең бастысы, мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы әріптестік мәдениеті жаңа деңгейге көтеріліп келеді. 2026 жылға жоспарланған жобалар ҮЕҰ әлеуетін күшейтіп қана қоймай, өңірдің тұрақты дамуына оң ықпал ететініне бек сенімдімін. Осы орайда құзырлы органдар тарапынан атқарылатын мониторинг ісі мені толғандырады. Себебі, әр жобаның жүзеге сәтті асуы мен қоғамға берер игілігін біз тек осы бақылау амалдары жолымен ғана нақты көре аламыз, – деп тұжырды ойын қоғам қайраткері, қалалық мәслихат депутаты Нияз Сундеталиев.
Жиын соңында қатысушылар 2026 жылға арналған бірлескен бастамалардың жобасын пысықтап, нақты ұсыныстар топтамасын әзірледі. Кеңестің келесі жылға бағытталған басымдықтары айқындалып, азаматтық сектор мен билік арасындағы ынтымақтастықтың жаңа белесі анық көрінді. Жыл бойғы жұмыс тәмам. Ал, алда атқарылар міндет бұдан да маңызды, үміт те үкілі.
Мақаланың толық нұсқасын «Ortalyq Qazaqstan» газетінің алдағы санынан оқи аласыз.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



