АймақҚарағанды

Аймақта 2021–2025 жылдарға арналған жасылдандыру жоспары 114% орындалды

Облыс шеңберінде соңғы жылдары табиғат тінін түлетуге бағытталған ауқымды жұмыс жүйелі негізде жүргізіліп келеді. Экология­лық ахуалды жақсарту – бүгінгі күннің талабы. Бұл ретте Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республиканың елдімекендеріне 15 миллион ағаш отырғызу жөніндегі тапсыр­масы өңірде нақты іспен жалғасуда. Маңызды міндет аясында облыс әкімдігі 2021-2025 жылдарға арналған елдімекендерді көгалдандыру және жасыл аймақтарды қалыптастырудың өңірлік жоспарын әзірлеген болатын. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында көзге көрінер нақты нәтижелер таразыланды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Алғашқы болып сөз алған облыс­тық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев биылғы көктем мен күз айлықтарында ауаны тазартып, айналаны ажарландыратын жасыл көшеттерді отырғызу ісі қарқын алғандығын мәлімдеді. Жоспар бойынша 54 265 ағаш егу көзделсе, бүгінде 60 474 түп жерсіндіріліп, меже 112 пайыз­ға орындалған. Табиғатқа жанашыр жұрттың белсенділігі арқасында жоспардан тыс 6 мыңнан астам жасыл желек бой көтерді.

– Былтырдың жалпы көрсеткішіне көз салсақ, өңірдегі қалалар мен ауылдар аумағында 65 717 ағаш егілген. Жоспарланған 53 175 түппен салыстырғанда 127,5 пайыздық көрсеткіш көз қуантады. Яғни, әрбір артық егілген ағаш – облыс экологиясына қосылған үлес, болашақ ұрпаққа қалдырылған табиғи аманат, – деді Бақтияр Жұматайұлы.

Соңғы бес жылға бағытталған өңірлік жоспар да ойдағыдай орындалуда. 2021-2025 жылдары аралығында 301 380 жасыл желек отырғызу межеленсе, іс жүзінде 343 915 түп ағаш тамыр жайған. Тегінде өңір халқының табиғатқа деген жауапкершілігі, экологиялық мәдениеті біртіндеп артып келе жатқаны аңдалса керек осыдан. Бүгінгі таңда аймақтың кез келген қаласы мен елдімекенін аралап, сейіл құрған жан жаңа егілген теректер мен шағандардың, қарағаш пен үйеңкінің самал желмен тербелген жас сұлбасын көре алады. Иә, Қарағандының жасыл белдеуі жыл санап кеңейіп келеді. Экология тек кәнігі мамандардың ғана емес, баршаның ортақ ісі екенін түсінген жұртшылық табиғатқа мейлінше жанашырлық танытып, өңірдің келбетін жаңғыртуға белсене атсалысуда. Жерге егілген әрбір жас тал-дарақ күні ертең саялы ағашқа айналып, даламыз­ға тыныс, қаламызға сән бермек.

Бұдан соң сөз тізгінін алған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев аймақта табиғатты қорғау мен орман байлығын көбейту бағытындағы жұмыстар жыл санап жаңа қарқын алып келетіндігін аңғартты. Кең даланың төсін көмкерген әр көшет – задында табиғи ресурс қана емес, өңірдің ауаны ару қалпында сақтайтын, тіршілік иелеріне пана болатын баға жетпес байлық. Сол құны жетпес құндылықты қорғау мен молайту міндетін облыстағы бірнеше орман шаруашылығы мекемелері жүйелі түрде атқарып отыр. Облыс аумағында мемлекеттік орман қоры бар. Оның едәуір бөлігін нақты орман алқаптары құрайды. Соңғы жылдары жасыл белдеу атаулысын ұлғайту, тозған аумақтарды қалпына келтіру жұмыстарында кідіріс жоқ.

– Мемлекет басшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдімекендерде жасыл желек қатарын көбейту жөніндегі тапсырмасы осы салаға жаңа серпін сыйлағандай. Өңір орманшылары ағаш егу, топырақты дайындау, орман қорын толықтыру және көшет өсіру бағытында ауқымды шараларды қолға алды. Әрбір жоспарланған аумаққа жас шыбықтар егіліп қана қоймай, қосымша күтім жұмыстары да қатар жүргізілуде, – деп атап өтті Тілектес Темірбекұлы.

Орман шаруашылығы албарының жүрегі – орман тұқымбағы. Өңірдегі тұқымбақ аймақтың болашақ жасыл жамылғысын қалыптастыратын негізгі база саналады. Мұнда көшеттер бапталып, жыл сайын мыңдаған жас тал жерсінуге дайын күйде шығарылады. Тұқымбақтағы суару жүйесі, сақтау қоймалары, арнайы техника және басқа да инфрақұрылым көз алдымызда жаңарып келеді. Алдағы жылдары осы тұқымбақ аумағын кеңейту жоспарланып отыр. Ағаш егу жұмыстары өңірде жыл сайын жалғасып, қатаң бақыланады. Мамандардың айтуынша, әрбір егілген ағаштың тағдыры бір маусыммен шектелмейді. Шындығында бірнеше жыл бойы күтімді қажет етеді. Сондықтан, орманшылар тек егу ғана емес, кейінгі күтіп-баптау шараларын да қадағалау қажеттігін түсінеді.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесінің аумақтық инспекциясының басшысы Абзал Балтабаев та маңызды бағыттағы бастамалар нәтижесін оң бағалап, соңғы жылдары орман қорының жаңару қарқыны айқын байқалғандығын алға тартты. Себебі, әр салалық шаруашылықта ұйымдастыру, бақылау және технологиялық сүйемелдеу жұмыстары жүйелі жолға қойылған.

– Қолға алынған ілкімді істердің барлығы орманның табиғи әлеуетін арттыруға арналуда. Көшеттердің жерсіну көрсеткіші бірқатар факторға байланысты құбылып отырады. Дегенмен, биылғы маусымда жүргізілген жұмыстардың сапасы жоғары, әрбір егілген көшеттің күтімі жіті бақылауда. Бастысы, орман алқаптарын қалпына келтіру ісінде үзіліссіз үдеріс бар, тәжірибе де, мүмкіншілік те жеткілікті, – деп атап өтті Абзал Маратұлы.

Ол, сондай-ақ, орман саласындағы мамандардың біліктілігі артып, техникалық жарақтандырудың жақсаруы нәтижесінде келесі жылдары көшелі көрсеткіштің бұдан да жоғары болатынына сенім білдірді. Келелі жиын барысында табиғат жанашырларының тұтас ел бойынша серпін алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене атсалысып келе жатқаны да айтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың байырқалы бастамасы айналаны абаттандырумен қатар, қоғамның экологиялық санасын арттыруға тың леп әкелді. Жергілікті жұрт қолына тырма мен сыпырғы алып, өзен-көл жағалауын, орман алқаптарын, саябақтар мен көшелерді тазартып, қоршаған ортаға деген жанашырлықтың жарқын үлгісін танытып жүр. Игілікті шара орманды алқабын қалыңдату амалдарының да мәнін тереңдетіп, жасыл желекке деген қамқорлықты одан әрі күшейте түсті.

Өз кезегінде спикерлердің мәлімдемелерін мұқият тыңдаған аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев орман алқаптарын молайту ісіндегі ең өзекті көрсеткіштердің бірі – көшеттердің жерсіну пайызына тоқталды. Ол айтылған «57 пайыз» деген деректің өзі терең талдауды қажет ететінін атап өтті.

– Бүгінде аймақтағы қор да, техника да жеткілікті. Орман шаруашылығына қажетті заманауи технологиялар да тегеуірінді. Көзіміз көріп жүр: құмдауыт, шөлейт өңірлерге де көшет отырғызылып, тамыр жайып жатыр. Демек, бөлінген қаражат болсын, мамандардың маңдай тері болсын – бәрі де өз нәтижесін беруі тиіс. Өсім көрсеткіші маңызды. Көшет тамыр жайса – еңбектің өтеуі сол, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Аймақ басшысы орман алқаптарын қалпына келтіру ісінде ең қажетті шаралардың бір сәтке де кідіріссіз, жүйелі түрде атқарылуы керектігін қаперге салды. Ол жүйелі жұмыстың маусымдық науқан емес, жыл он екі ай жалғасатын үздіксіз үдеріс екенін атап өтті. Табиғаттың әр құбылысы өз заңымен жүретіні секілді орман шаруашылығы да кешеуілдеуді, салғырттықты көтермейді. Әр күн, әр апта дер кезінде суарылған бір талға, дер кезінде күткен бір көшетке айналып, ертеңгі орманның тағдырын айқындайды. Өңір басшысының айтуынша, саладағы барлық буынның үйлесімді жұмысы, техниканың сақадай сай болуы, мамандардың жауапкершілігі мен үздіксіз бақылау – орман шаруашылығының алтын арқауы. Осындай жүйелілік бар жерде ғана жасыл желектің көлемі артып, өңірдің экологиялық әлеуеті шын мәнінде жаңғыра түспек.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button