АймақБас тақырыпҚарағанды

Аймақта 2 миллионнан астам көшет егілді

Қарағанды облысында биыл көгалдандыру жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Өңірдің орман қоры жыл сайын жүйелі түрде толықтырылып келеді. Соның нәтижесінде биыл мемлекеттік орман шаруашылықтары аумақтарына 2 миллионнан астам көшет, ал қалалар мен ауылдарға 60 мыңға жуық ағаш егілді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Бұл жөнінде маусым қорытындысы мен келер жылға қойылған міндеттер қаралған аппараттық кеңесте айтылды.

Негізгі жұмыс мемлекеттік орман қорында атқарылуда. Бұл бағытта Қарағанды, Қу және Ақтоғай орман шаруашылықтары еңбек етіп жатыр.

– Биыл жапырақты және қылқанжапырақты ағаш тұқымдарының 2 миллионнан астам көшеті егілді. Жыл сайын жерсіну көрсеткішін көтеріп келеміз. Жерсінбеген көшеттерді жаңасына алмастырамыз, – деді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев.

Өңірге көшет жеткізумен айналысатын орман тұқымбағы 40 гектардан аса аумақты қамтиды. Жылдық қуаттылығы – 1,3 миллион көшет.

Биыл тұқымбақта ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде, жаңа техника сатып алынды, әкімшілік ғимарат пен ангар салынды, тоңазытқыш және кептіргіш камералар орнатылды, тамшылатып суару жүйесі іске қосылды, бейнабақылау қойылды.

Қазір мұнда түрлі ағаш тұқымдарының 5,5 миллионнан астам көшеті өсіп тұр. Мамандар қараған, қарағаш, үйеңкі, жиде және қарақаттың 3,5 тоннадан астам тұқымын жинаған. Келесі маусымға арналған топырақ дайындау жұмыстары да қатар жүргізілуде.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тиісті ведомстволардың үйлесімді жұмысын күшейтуді және көгалдандырудың барлық кезеңдеріндегі сапаны қатаң бақылауды тапсырды.

– Орманды қалпына келтіру жоспары толық орындалуы тиіс. Отырғызылған көшеттердің жерсінуін мұқият қадағалау, нормалардың сақталуын тұрақты бақылау маңызды. Қалалар мен ауылдарда жаңа жасыл аймақтар құрып, егілген ағаштарға жүйелі күтім жасау қажет, – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, әкім жергілікті жоғары оқу орындарының биология факультеттерімен әріптестік орнатуды ұсынып, өңірдің көгалдандыру әлеуетін арттыруға университет ғылымының да үлес қоса алатынын атап өтті.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button