Ресми

Аймақта 14 жаңа кәсіпорын ашылады

Облысты 2021 жылы 2 600 жұмыс орнын құру мен 14 жаңа өндірісті іске қосу көзделіп, инвестиция көлемі 700 млрд. теңгеден асады деп жоспарланған. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК халықпен есептік кездесуінде мәлімдеді.

– Біз барынша көп инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру міндетін қойдық. 2020 жылы 678,3 млрд. теңге тартылды, оның ішінде жеке қаражаттың үлесі – 81,6%. 11 жаңа инвестициялық жобаның іске қосылуы 2 500-ден астам жаңа жұмыс орнының құрылуын қамтамасыз етті, – деді облыс әкімі.
– 2021 жылы кемінде 715 млрд. теңге инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз, оның 80%-дан астамы – жеке меншік. 282,2 млрд. теңгеге 14 жаңа өндіріс ашылып, олар тағы 2 600 адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде, – деп атап өтті Жеңіс Махмұдұлы.

Сондай-ақ, жақын арада Жәйремдегі байыту фабрикасы, ферроқорытпа зауыты және Qaz Carbon агломерациялық фабрикасы жобалары іске қосылатынын айтты. 15 жыл тұрып қалған Сарандағы бұрынғы РТБ зауыты жандандырылып, қытайлық Yutong компаниясының қатысуымен автобустар мен арнайы техника шығаратын кәсіпорын іске қосылды және жақын арада шағын торапты құрастыру іске қосылатынын тілге иек етті.

Басқа материалдар

Back to top button